Бай болғың келсе, Алатауға бар! Жақында тұрғындары ақшаның астында қалатын қала пайда болады. Ақылды шаһардың халқы инвесторлармен біте қайнасып, технологиямен тиын істейді. Ешкімге бағынбайды. Төлейтін салықтарына дейін өздері ойлап табады. Әкімдері де болмайды. Бұл жалған сөз емес. Парламент Алатау қаласының мәртебесіне қатысты Конституциялық Заңды қабылдады.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
«Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарайық» деген депутаттар ауқымды жоба аз уақыттың ішінде әзірлеп, қабылдады. «Ауқымды» деуіміз бекер емес. Елде бұған дейін бірде-бір қалаға дәл осындай мәртебе, еркіндік берілмеген. Қала дербес қаржылық модельмен жұмыс істейді, салықты өзі реттейді, инвесторларға өзі жағдай жасайды. Мұндағы тұрғындарға да ерекше жағдай жасалған. Қонақтар ұшатын таксимен жүреді.
Алатау басқа шаһарлар сияқты жай өмір сүретін жер емес, экономиканы жылдам дамытып, жаңа жүйелерді сынайтын аймақ. Қысқасы, эксперимент алаңы. Ерекшелігі сонда, мұнда әкім болмайды. Бас атқарушы директор басқарады. Кеңес құрамын Президент бекітеді. Ал жауапкершілік Үкімет басшысының мойнында болады.
НҰРТАЙ САБИЛЬЯНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Сол кеңес барлық қаланың әкімшілік құжаттарын бекітеді және қала әкімшілігінің басқарушы орган басшыларын қызметке тағайындайтын болады. Осы қалаға бөлінген қаражаттың есебін тыңдап, оны бекітеді. Яғни қала тікелей Премьер-министрдің бақылауында болады деген сөз.
Яғни, жаңа мемлекеттік орган ретінде құрылады. Сондықтан болар, ішкі мәселенің барлығын өздері реттейді. Мәселен, қазір Астана да, Алматы да Үкіметке қарайды. Кей мәселелер заңмен ғана реттеледі. Былайша айтқанда ережені орындайды. Ал, Алатау сол ережені өздері жасайды.
АЙДОС САРЫМ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Астананың ортасында МФЦ деген бар, халықаралық орталық. Сол сияқты өзінің дербес қаралатын мәселелері бар, салықтық жеңілдіктері бар қала. Бір компания құрылыспен кіреді, бір компания инвестициямен кіреді, біреуі технологиямен кіреді. Әрқайсысына әртүрлі мүмкіндік беріледі.
Мұндай идея бұрын елде болмағанымен, әлемдік тәжірибеде кездеседі. Соңғы 10 жылда Алатау секілді мыңнан астам арнайы экономикалық аймақ құрылған. Қытайдың кей аймақтары, Оңтүстік Кореядағы Седжон қаласы, Сингапур, Дубай және Доха сияқты ірі орталықтар кезінде бүгін біз айтып отқан «ерекше режимнен» бастаған. Бірақ бәрі дәл осылай сәтті аяқталды деуге келмейді. 60 проценті сәтсіздікке ұшыраған. Үкімет осыған қарамастан үлкен тәуекелге бел буды.
ЕРЛАН САИРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
1982 жылы Қытайдың басшысы Шэньчжэнь деген балықшылардың ауылына барып, сол жерде дүниежүзіне белгілі үлкен технологиялық орталық болады дейді. Енді бүгін сіздер Шэньчжэньге барып қарасаңыздар 20 миллионнан аса халқы бар дүниежүзіндегі ең дамыған қалалардың бірі.
Қазірдің өзінде Алатауда 1,8 трлн теңге болатын 44 инвестициялық жоба дайын. Олар 30 мыңға жуық жұмыс орнын ашуы тиіс. Сарапшылар 2050 жылға қарай қаланың экономикасы 50 миллиард доллардан асады дейді. Яғни, алдағы 25 жылда бұл шаһар өңірлік қана емес, халықаралық деңгейдегі орталыққа айналуы тиіс.