$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Астанада студенттер арасында грэпплингтен Student Games League турнирі басталды

AstanaTV
27.03.2026ж. 19:00
Астанада студенттер арасында грэпплингтен Student Games League турнирі басталды

«Астанада жоғары оқу орындары арасында грэпплингтен "Student Games League" іріктеу турнирі басталды. "Аспан" спорт кешенінің боз кілемінде елорданың ең таңдаулы университеттері бақ сынасуда. Айтулы дода тек үздік спортшыларды анықтап қана қоймай, жастар арасында есірткіге қарсы мәдениетті қалыптастыруды көздейді.

Елордалық студенттер боз кілемде бақ сынасты. Бүгінгі айтулы додаға 8 жетекші университеттің намысын қорғаған 40 балуан қатысты. 2 мыңға жуық көрермен жиналған спорттық шарада жас балуандар күрестің 5 түрінен өзара мықтыны анықтады.

АЯТ ТӨЛЕУБЕК, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ:

Бүгінгі турнирде Қазақ ұлттық спорт университетінің намысын қорғаймын. Командамыз сақадай сай. Осы турнирдің өтетіні туралы шамамен бір ай бұрын білдік. Мұндай форматтағы шараны көптен күткендіктен, қатты қуандық. Университет атынан шығу батыста, әсіресе АҚШ-та кең таралған тәжірибе.

Батыстық үлгідегі бұл дода тек мықтыны анықтауды ғана емес, жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруды да көздейді. Осы орайда, елордалық полицейлер бұқаралық спорт арқылы есірткіге қарсы берік тосқауыл қоюды басты мақсат етіп отыр.

ЖАНДОС СЕЙТЕНОВ, АСТАНА ҚАЛАСЫ ПД ЕҚҚІҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ:

Заңмен тәртіп аясында Астана қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс қимылы басқармасы тарапынан бұқаралық спортты дамыту және есірткі құқықбұзушылықтың алдын алумен қоғамдық қауіпсіздікті нығайту ол ең басты парызымыз болып табылады.

Бүгінгі іріктеу кезеңінің ең мықтылары анықталған соң, жарыс аяқталмайды. Кіл мықтылар жиналатын ақтық сын сәуір айының 25-іне жоспарланған. Дәл сол күні елорданың ең үздік спорттық университеті белгілі болады.