$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қазынашылықта жасанды интеллект элементтері енгізіледі

30.03.2026ж. 14:34
Қазынашылықта жасанды интеллект элементтері енгізіледі
Фото: ortcom.kz

Қазынашылық цифрландыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда. Атап айтқанда, 2025 жылы ISO халықаралық стандартына көшу жүзеге асырылды. Бұл қаржылық қатынастардың халықаралық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етіп, төлемдерді өңдеу үдерісін жеделдетуге және автоматтандыруға мүмкіндік берді. ҚР ҚМ Мемлекеттік қазынашылық комитетінің төрағасы Рахат Тоқбаевтың айтуынша, биыл бюджетті қазынашылық атқару саласында цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу бойынша ауқымды міндеттер қойылып отыр.

«2026 жылы Қазынашылық жүйесін басқа ақпараттық жүйелермен интеграциялау, оның ішінде цифрлық теңгені пайдалану жоспарланып отыр. Болашақта заманауи әрі тиімді шешімдерді қамтитын, соның ішінде жасанды интеллект элементтерін қолдану арқылы мемлекеттік қаржыны жедел басқаруға бағытталған қазынашылық жүйесінің жаңа архитектурасын құру көзделіп отыр», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.

Оның айтуынша, бұл бастамалар қазынашылық жүйесінде қызмет көрсетілетін квазимемлекеттік сектор ұйымдарының санын арттыруға, бухгалтерлік есепті іске асыруға, сондай-ақ бюджеттік кредиттер мен субсидияларды есепке алуды жүргізуге жол ашады. Биыл барлық қажетті құжаттама әзірленіп, келесі жылдан бастап жаңа жүйені іске асыру жұмыстары басталады.