1 сәуірден бастап коммуналдық қызмет құны өзгеруі мүмкін. Ертең елде бағаны көтеруге қойылған мораторий аяқталады. Демек тарифке төлейтін теңгенің қымбаттауы ғажап емес. Қазір халық осыған алаңдап отыр. Тұрғындардың даурығуы орынды ма? 2 күннен кейін қандай өзгеріс болады? Аружан Задабек тараптармен тілдесті.
Сәуір болмай тәуір болмас. Бірақ сол сәуір сескендіріп отыр. Әңгіме халық күнделікті төлейтін негізгі қызметтердің құнына байланысты. Бұған дейін коммуналдық тарифтердің бағасын көтеруге қатаң шектеу болды. Сонын арқасында жылу мен суға, электр қуатына төлейтін теңге теңселген жоқ. Бір қалыпты ұстады. Бұл қадам табысы төмен және орташа азаматтарға айтарлықтай қолдау болды. Міне, осы жеңілдік ертең аяқталады.
НҰРЛАН БОЛАТБАЕВ, ҚР ҰЭМ ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАРДЫ РЕТТЕУ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Осыдан кейінгі кезекте табиғи монополия субъектілері қаралатын болады. Дегенмен тұрғындар үшін тарифтер бірқалыпты және теңгерімді болып жүзеге асады.
Иә, халықтың қорқынышы - осы. Мораторий аяқталған соң тариф бірден өсе ме деп алаңдайды. Бірақ жауаптылар ондайға жол бермейміз деп уәде берді. баға өседі, бірақ бірден емес, кезең-кезеңімен көтеріледі. Күрт қымбаттау болмайды. Халыққа түсетін жүктеме минималды деңгейде сақталады. Ең алдымен, жабдықтары ескірген, жиі ақау болатын, техникалық құралдары тозған аймақтарда тариф көтерілуі мүмкін. Демек, төлемдегі өзгерісті бірінші Солтүстік, Шығыс және Батыс өңірлері байқайды. Ақмола облысында да қордаланған мәселе көп.
ҒАБИДЕН ҒАУАНОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІ МЕМЛЕКЕТТІК ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ҚАДАҒАЛАУ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
Жылу электр орталықтарының орташа тозу көрсеткіші 61 пайыздан 59 пайызға дейін төмендеді. Электр тарату желілерінде тозу көрсеткіші 67 пайыздан 66 пайызға дейін төмендеді және жылу желілерінде 52 пайыздан 50 пайызға дейін төмендеді.
Қалай болса да баға бәрібір өседі. Коммуналдық қызмет құнын неге қазіргідей ұстап қала алмаймыз? Өйткені. елде инфрақұрылымның тозуы жыл сайын 3-4%-ға артып жатыр. Қазірдің өзінде желілердің 50 проценттен астамы ескірген. Саладағы кадр тапшылығы тағы бар.
САПАРБАЙ ЖҰБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:
Тарифтерді еркіндікке жіберсе оларға инвестиция тарту мүмкіндігі артады. Неге? Себебі олар пайда табады да инвестицияның дивидендтеріне қайтарып беру мәселесі мүмкін болады. Ал егер олар тарифтерді төмен ұстайтын болса пайда таба алмайды. Себебі өзіндік құны жоғары болып, сату бағасы аз болатын болса тапшылық туындайды. Кейін Үкіметтен субсидия сұрайды.
Ақпан айында Астана, Алматы, Ақтау және өзге де қалалардың тұрғындары коммуналдық төлемдердің күрт көбейгеніне шағымданған еді. Артынан кейбір монополистер шектеуді ескермей құнды негізсіз өсіріп жібергені белгілі болды. Биыл тұтынушылардан 700-ден аса арыз түсті. Енді тұрғындарға 14 миллирд теңге қайтарылуы тиіс.