$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қазақстанда әйелдер арасындағы онкологиялық аурулар көрсеткіші жоғары

AstanaTV
31.03.2026ж. 19:00
Қазақстанда әйелдер арасындағы онкологиялық аурулар көрсеткіші жоғары

Қатерлі ісік ауруы қазір алаңдатып тұр. Әсіресе,  әйелдер арасындағы онкологиялық аурулардың көрсеткіші жоғары. Жыл сайын 5 мыңға жуық келіншектен  сүт безі обыры анықталып, соның 1200-ден астамы   көз жұмады. Ал жатыр мойны обыры бойынша 1600-ге жуық жаңа жағдай тіркеледі. Мамандар дерттің "жасарып" бара жатқанын айтып дабыл қағуда. 

Қатерлі ісік бірнеше жыл бойы баяу дамып, ешқандай белгі бермеуі мүмкін. 39 жастағы Айымгүл өзінде жатыр мойны обыры бар екенін жыл басында гинекологиялық жоспарлы тексеру кезінде білген. Дерт бірінші сатысында анықталған. Оған дейін ол ешқандай мазасыздық сезбегенін айтады.

АЙЫМГҮЛ БАЙМҰРАТОВА, ПАЦИЕНТ:

Ұялады адамдар барғылары келмейді. Үй, бала, жұмыс деп бәрін артқа қалдырады нағыз ауырып жаны қиналған кезде барады.

Әлем бойынша 600 мың әйелден аты жаман ауру анықталып, 340 мыңы қайтыс болады. Елдегі көрсеткіш те жоғары.  Жыл сайын 500-ге жуық әйел жатыр мойны обырынан көз жұмады. Дерттің дамуы адам папилломавирусымен тікелей байланысты. Ауруды жұқтырудың өзге де  жанама факторлары бар.

АҚМАРАЛ ЗЕЙНЕАБЕДЫН, ҰҒОО ОНКОГИНЕКОЛОГ ДӘРІГЕРІ:

Ол жыныстық қатынастың ерте басталуы, бірнеше жыныстық серіктестіктің болуы, темекі шегу, иммунитеттің төмендеуі деген секілді. Жатыр мойны обырының емделуі, ол анықтау сатысына байланысты. Егер ерте сатыларда анықталған болатын болса, әйелдердің толық сауық кетуіне мүмкіндік туады.

Дәрігердің айтуынша, әйелдер ай сайын денесіне бақылау жасап, организмдегі кез келген өзгеріске бейжай қарамау керек. Ешқандай белгісіз басталатын аурудың тағы бір түрі - сүт безі обыры. 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдерде кездесетін дерт соңғы жылдары 25 жастағы бойжеткендер арасында да байқала бастаған.

ИНДИРА АБДРАЗАҚҚЫЗЫ, NEOCKINIC ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ОНКОЛОГ-МАММОЛОГ ДӘРІГЕРІ:

Әйелдердің гормоналдық бұзылыстары болып келеді. Және де екіншіден ол артық салмақ та болып жатады. Үшіншіден, тұқым қуалаушылық, және де зиянды әдеттер, ол да жатады. Қырық жастан жетпіс жасқа дейінгі әйел адамдарда екі жылда бір өтіп тұру керек. Ал қырық жасқа дейінгі қыздарда немесе әйелдерде міндетті түрде УДЗ өту керек. Яғни, ультра дыбысты зерттеулер жылына бір рет өтіп тұру керек.

Ұят пен уақыт тапшылығын сылтау етпей, жылына бір рет жоспарлы тексерістен өту әр әйелдің өз денсаулығы алдындағы жауапкершілігі дейді дәрігерлер. Онкологиялық ауруларды ерте анықтап, алғашқы сатыларында емделу мүмкіндігі өте жоғары. Бүгінде еліміздің әрбір емханасында қатерлі ісікті ерте анықтауға бағытталған тегін скринингтік бағдарламалар қарастырылған.