$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Жалған коучтарға тосқауыл қойылады

Жалған коучтарға тосқауыл қойылады

Елімізде жүздеген адам өзін «коуч» және «психолог» деп таныстырған жалған мамандардың құрбанына айналды. Кейбірі жүз мыңдап несие алып, қарызға батқан. Енді олардың білімі, сертификаты және тәжірибесі міндетті түрде тексеріледі. Ал жалған уәдемен ақша тапқандар заң алдында жауап береді. Толығырақ тілшіміз тарқатады.

Әлеуметтік желілерде өзін коуч, психолог ретінде таныстырып, түрлі тренингтер мен курстар ұсынатындар көп.  Бағасы да арзан емес, кейбір «дәрістердің» құны 50 мыңнан 500 мың теңгеге дейін жетеді. Тіпті бөліп төлеу қызметі де бар. Нәтижесінде, «жылдам байыту», «өмірді өзгерту» секілді уәделерге сенген азаматтардың арасында қарызға батып, сан соғып қалғандар жетерлік.

БЛИЦ:

- Мұндай нәрселерге мен қатты сенбеймін. Бұл алаяқтар деп ойлаймын. Өйткені адамның ақысын жегісі келеді олар.

- Психолог, коучтарға ешқандай да сенімділік жоқ. Егер де адам өзі еңбек етіп, ешқандайда құлшыныс болмаса, ол ешқандайда миллионға жете алмайды деп айта аламын.

- Көп ақша табамын деп одан да қарызға кіріп кетуі мүмкін.

Сарапшылардың айтуынша, мұндай қызметтерге көбіне әйелдер жүгінеді. Әсіресе отбасы, қарым-қатынас және өзін-өзі дамыту тақырыбындағы тренингтерге сұраныс жоғары. Коучтар «өзіңді жақсы көр», «өміріңді өзгерт» деген ұрандарды пайдаланып, адамдардың психологиялық әлсіз тұстарын дөп басып, сеніміне кіреді.

МАРҒҰЛАН ЕРМАҒАНБЕТҰЛЫ, САРАПШЫ:

Құқықтық сыни ойлаудың төмендігінен адамдар кейде "әттеген-айларға" түсіп қалады. Ол қалай? Мысалы коучтың көбісі айтады, мысалы, кейс ретінде айтайық. Мен сені бір айда ертең миллиард ақша табатындай жолға түсіремін дейді. Бірақ енді қарасаңыздар олардың арасында келісімшарт болмайды ғой. Ол енді жалған дүние. Иә, сен бір айда миллиардқа жете алмайсың. Ішіңде қанша білім, жігер болмайынша адам ондайға жете алмайды.

Енді  елімізде психологтар мен коучтардың қызметін реттейтін жаңа талаптар енгізілуде. ГРАФИКА1: Міндетті түрде арнайы білімі болуы керек, кәсіби реестрге тіркелуі тиіс, сонымен қатар әр 3 жыл сайын кемінде 40 сағат оқуы қажет. Ал коучтар үшін халықаралық стандартқа сай 3 деңгейлі сертификат міндетті. 

Психологтардың өздері бұл өзгерістерге әртүрлі көзқарас білдіріп отыр.

БАЛАБЕК САҚТАҒАНОВ, ПСИХОЛОГ:

Көбісі бұлар шынымен де халыққа ақыл берейін деген адамдар емес, бұлар контент жинап, аудитория жинап, әртүрлі жарнама жасау арқылы тек ақшаға жұмыс жасап жатқан азаматтар ғой. Олар  ақша бергеннен кейін адамдар соған сенгеннен кейін эффект плацебо деген бар. Бұл адамды ең бірінші маған шыныменде көмектеседі деген сеніммен барғаннан кейін, оған бір көмектесетіндей болып көрінеді.

Енді олар кез келген жерде семинар, тренинг өткізіп, ақылын жұртқа паш ете алмайды. Егер коуч немесе психолог уәде еткен нәтижені бермей, азаматты алдаса заң алдында жауап береді.

МҰРАТ ӘБЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Енді кімде-кім осындай қызмет бойынша қызмет көрсетемін дейтін болса, онда ол сала бойынша диплом болу керек. Біз бұл норманы енгіздік. «Мен психологпын, мен емшімін, мен бизнес-тренермін, мен академияны бітірген нумерологпын», - дейді. Сөйтіп адамдарды алдап, қызмет жасайды, олардың ақшасын алады. Енді олай болмайды. 

ТІЛЕУЖАН КІШКЕНЕБАЕВ, ЗАҢГЕР:

Егер де сіздерді психологтар байудың жолдарын айтамыз және де тез байисыз, ақша табудың оңай жолдары деп сіздерді шақырып алып, бірақ іс-жүзінде олай жасалынбай сіздер алданатын болсаңыздар, ешқандайда көмегі тимейтін болса, сіздер оған полиция басқармасына арыздану арқылы берілген ақшаны даулап, қайтаруға, талап етуге құқықтарыңыз бар.

Мамандар ұлттық реестрде тіркелуі тиіс. Оларды «Enbek.kz» порталы арқылы тексеруге болады.