$541.34 €640.73 ₽6.53
×

1 жылдың ішінде Ұлттық қордың ақшасы екі рет ортайып, қайта өсті

01.04.2026ж. 11:39
1 жылдың ішінде Ұлттық қордың ақшасы екі рет ортайып, қайта өсті
Фото: abai.kz

2025 жылдың басынан бері Ұлттық қордың активтері екі рет айтарлықтай азайып, қайта толысқан. Бұл туралы Ұлттық банктің монетарлық шолуында айтылған.

Ресми дерекке сүйенсек, 2024 жылдың желтоқсанында Ұлттық қор активтері 30,9 трлн теңге болып тұрған. 2025 жылдың басында қор азая бастады: қаңтарда – 30,3 трлн, ақпанда – 29,4 трлн, наурызда – 29,2 трлн теңге. Осылайша Ұлттық қор активі үш айдың ішінде шамамен 1,7 трлн теңге кеміген. 

Сәуірде көрсеткіш 29,7 трлн, мамырда 30,5 трлн, маусымда 31,3 трлн, шілдеде 32,7 трлн, тамызда 33,3 трлн теңгеге жетті. Қыркүйекте қор 34,4 трлн теңгеге дейін өсіп, осы кезеңдегі ең жоғары деңгейге шықты. Наурыздағы ең төмен нүктемен салыстырғанда өсім 5,2 трлн теңге болып шықты. Алайда күз ортасында қайта төмендеу байқалды. Қазанда 33,6 трлн, қарашада 32,6 трлн, желтоқсанда 32,3 трлн теңге болды. Яғни үш айда қор тағы да шамамен 2,1 трлн теңгеге ортайған.

2026 жылдың басында үшінші өзгеріс тіркелді. Қаңтарда активтер 32,5 трлн, ақпанда 32,6 трлн теңгеге жетті. Өсім бар, бірақ көлемі шағын – шамамен 0,1 трлн теңге.

Осылайша бір жылдың ішінде Ұлттық қор үш рет бірдей сценарийден өтті: алдымен азайды, кейін қалпына келді, қайтадан төмендеді және тағы да өсім көрсетті.

Соңғы дерек бойынша, тек бір айдың ішінде қор 112 млрд теңгеге ұлғайған. Яғни, ақпанда Ұлттық қор 100 млрд теңгеден астам қаражатпен толықты.