$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Трамп: «АҚШ 2-3 аптада соғысты тоқтатады»

Трамп: «АҚШ 2-3 аптада соғысты тоқтатады»

АҚШ 2-3 аптада Ирандағы соғысты аяқтайды. Алдымызға қойған барлық міндеттерді орындадық, - дейді Трамп. Израиль басшысы да осыны меңзеп отыр. Нетаньяхудың айтуынша, Иран билігін толығымен қырып, өз мақсат-мұратына жетті. Дегенмен, Ормуз бұғазы әлі жабық. Оны мұнай сатып алатын елдердің өздері шешсін, - деді Қорғаныс Министрі Пит Хегсет. АҚШ Жоғарғы Соты Трамптың Ұлы құрылысын тоқтатты. Ақ Үйді реконструкциялауға Президент Конгресстен рұқсат алу керек екен. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

АҚШ 2-3 аптада соғысты тоқтатады. Басқа елдер өздері білсін, - дейді АҚШ Президенті. Дегенмен, оның алдында Америка әскері Иранға бұрын-соңды болмаған соққы жасамақ. Трамптың айтуынша, Иранның түгін қалдырмай, басшыларын өлтіріп бар білгенін істеді. Қалғанында АҚШ Президентінің шаруасы жоқ.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз Парсы шығанағының мұнайын тұтынбаймыз. Осыны адамдарға түсіндіре алмай өтетін шығармын. Таяу Шығысты фанатиктер биліген елден құтқардық. Әскерін ойсыраттық. Енді не керек? Басшылығы мен әскерінен айырылған Иран не істей алады екен, менің өзіме де қызық. Ары қарай не болса да, өңір халқы өздері біледі. Мен бар жағдайды жасап бердім. Шайнап бергенді жұта алмаса, менің кінәм жоқ. Кімдер туралы айтқанымды өздері түсініп алсын.

Израиль де осыны меңзеді. Бастысы, Иран ядролық қару жасап, баллистикалық зымыранмен елді әбігерге салмаса болды емес пе, - дейді Биньямин Нетаньяху. Израиль де, алдына қойған мақсаттарды толығымен орындауға жақын. Премьер-министрдің сөзінше, таяу арада Иран ешкімге қауіп төндіре қоймайды.

БИНЬЯМИН НЕТАНЬЯХУ, ИЗРАИЛЬ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Біз Иранның бар әлеуетін жойдық. Лаңкестік режим бізді қолшоқпар ұйымдармен қоршамақ болды. Алайда, біз барлық қауіпті тойтарып қана қоймай, індеріне кіріп, ойсыраттық. Иран бүкіл Таяу Шығысқа қауіп төндірді. Бүкіл Әлемді бақыламақ болды. Енді дым да істей алмайды. Аймақтағы өзге елдер рахмет айтуы керек.

Трамптың нені меңзегені түсінікті болса да, Қорғаныс Министрі бұл тақырыпқа өз брифингінде кеңінен тоқталды. АҚШ Ормуз бұғазын қайта ашуға саусағының ұшын да қимылдатпайды. Ал, Парсы шығанағынан мұнай алатын елдер бұл проблемамен өздері айналысуы керек, - дейді Пит Хегсет.

ПИТ ХЕГСЕТ, АҚШ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ:

АҚШ әскері бар жағдайды жасап берді. Иранның әскерін, әсіресе, технологиялық мүмкіндіктерін жойдық. НАТО елдері өз мүдделерін, өздері қорғап үйренгендері өздеріне жақсы. Олар бізге көмектесуден бас тартты. Біз ненің құрметіне, олар үшін әскер кіргізіп, ақша жұмсауымыз керек? НАТО тек бізге ғана керек сияқты деген ұстанымнан бас тартқан жөн.

АҚШ Жоғарғы Соты Трамтың кезекті шешіміне тосқауыл болды. Ақ үйдегі ауқымды реконструкция сот шешімімен бір сәтте тоқтады. Ресми мәлімет бойынша, Трамптың құрылысы заңсыз. Ол үшін ең алдымен Конгресстен рұқсат сұрау керек.