"Қағазбастылықтан қаштық, бірақ цифрлық есептің тұтқынына айналдық. Мұғалімнің негізгі міндеті сабақ беру болғанымен, қазіргі қазақстандық ұстаздың бейнесі компьютер алдында сағаттап отыратын операторға көбірек ұқсайды". Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева еліміздегі мұғалімдердің «Күнделік» жүйесіне тым көп уақыт жұмсайтынын айтып, Үкіметке сауал жолдады. Депутаттың айтуынша, платформа ұстаздың жұмысын жеңілдетудің орнына, қосымша жүкке айналған.
НАТАЛЬЯ ДЕМЕНТЬЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Аптасына 25 сағаты бар мұғалім Kundelik.kz-те күніне 1-1,5 сағат уақыт жұмсауына тура келеді. Яғни күнделікті тақырыптық жоспар жасау, үй тапсырмаларын қадағалау, бағалау және оқушының түсінгенін талдауды электронды күнделікке енгізу қосымша уақытты талап етеді. БЖБ және ТЖБ кезеңінде бұл жұмыс көлемі екі есеге артатыны айтпаса да түсінікті. Нәтижесінде мұғалімнің сабаққа дайындалатын уақыты қысқарады.