Алматы қаласының тұрғыны бөтен адам жасаған құқықбұзушылық үшін айыппұл арқалады. Бұл олқылық қаладағы камераның кесірінен болған. Ақау берген құрылғы екі көліктің нөмірін шатастырып, ал маркасына мән бермеген. Осылайша хаттама құқық бұзушылық мүлдем қатысы жоқ адамға келіпті. Енді ол қайтеді? Кінәлі еместігін дәлелдей ала ма? Ғазиза Әмірбек анықтады.
Бөгде адамның әрекеті үшін айыппұл арқалаған Дмитрий Киреев, хаттамадан өз атындағы нөмірді мүлдем басқа көліктен көргенде қорқып кеттім дейді. Қаулыдағы жазбада оның TANK маркалы көлігі мен мемлекеттік нөмірі көрсетілген. Ал камераға түскен суретте Subaru көлігі тұр.
ДМИТРИЙ КИРЕЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Маған жылдамдықты асырғаның үшін 20 мың теңге айыппұл туралы хат келді. Онда көлік нөмірлері бірдей тек маркаларымыз басқа болды. Сақтандыру компаниясына жүгіндім. Олар нөміріндегі сандары дәл менікіндей, тіпті үш әріпінің екеуі бірдей көлік бары анықтады. Бұл жағдайдың қайталанбасына кім кепіл? Камераларды да қадағалау керек.
Дмитрий басынан өткен жайтты әлеуметтік желіде жазған. Оқиға жұртқа мәлім болғанда айыппұл 3 сағат ішінде өшірілген.
ҒАЗИЗА ӘМІРБЕК, ТІЛШІ:
Заңбұзушылықтарды дәл осы бейнекамералар толық бақылауда ұстайды. Алайда кейде техника жаңылысып, айыппұл нақты кінәлі емес адамға рәсімделіп кететін жайттар кездеседі. Ал полицейлер мұндай жағдайда хаттаманы қайта қарап, күмән туындаса шағымданып, айыппұлдан босатылуға болады дейді.
САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Қазіргі таңда осы дерек бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп, бірден техникалық ақау екеніне көзімізді жеткізіп, ретке келтірілді. Егер оны айқындаған жағдайда азаматтар полицияға ресми түрде шағым түсіруіне болады. Е-өтініш порталы арқылы немесе Әкімшілік полиция басқармасына арыз түсіру тәсілімен.
Полиция қала бойынша орнатылған 180 мың камера арқылы тәртіп бұзушылықтың 60 пайызын анықтайды.