$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Отандық көлік нарықты жаулау үшін не істеу керек?

Отандық көлік нарықты жаулау үшін не істеу керек?

Былтыр көлік өндіру 18%-ға артты. Яғни, 171 мыңнан астам темір тұлпар шығарылды. Бұл рекордтық көрсеткіш деп бөркімізді аспанға аттық. Бірақ шетелдіктердің шаңына ілесу әлі ерте секілді. Оған не кедергі? Назерге Алтынбек айтады.

Отандық зауыттардан шығатын көлік саны күн санап көбеюде. Жеңіл автокөлікке басымдық берілген. Онысы қуантады. Бірақ екінің бірі өзіміздікін тізгіндеп жатқан жоқ. Өйткені бәріне бірдей жетпейді. Жетпейді деп желпінбесек те болады. Автосаланда жылдап егесін күтіп тұрғандар бар. Бағасын қымбатсынады. Сондықтан нарықта шетелдік көліктерге сұраныс жоғары. Бірақ, шенеуніктердің уәжі басқа.

ӘЛІБЕК ҚУАНТЫРОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл форумға 25-ке жуық мемлекеттен инвесторлардың келуі, еліміздің машина жасау секторына деген үлкен сенімнің белгісі. Қазір бұл сала өңдеу өнеркәсібінің 30 пайызға жуығын құрап отыр. Біз экономиканы әртараптандыру арқылы 2029 жылға қарай ішкі жалпы өнімді 450 миллиард долларға дейін жеткізіп дамытуды жоспарлап отырмыз.

Зауыт басшыларының өзі Үкіметпен диалогтың жетіспейтінін ашық айтты.

ЕСЕТ ДҮЙСЕНОВ, «АЛМАТЫ АУЫР МАШИНА ЖАСАУ ЗАУЫТЫ» АҚ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Жылына бір рет кездескен аз деймін. Себебі барлық өндірушілер, тауар өндірушілер бәрі кездесіп, өз проблемаларын осы жерде айтып, үкіметпен бірге шешу керек.

Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумында саладағы ең өзекті мәселелер таразы талқысына тартылуда. Басқосу қорытындысы негізінде Үкіметке нақты ұсыныстар пакетін жолдайды. Отандық өндірісті қарыштатуға қаншалықты үлес қосатыны уақыт еншісінде.