$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қазақстан студенттері «Суды үнемде - болашақты сақта!» экологиялық сағатына қатысты

02.04.2026ж. 17:53
Қазақстан студенттері «Суды үнемде - болашақты сақта!» экологиялық сағатына қатысты

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Суды үнемде - болашақты сақта!» тақырыбында экологиялық сағат өтті. Іс-шараны Су ресурстары және ирригация министрлігі Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп ұйымдастырды.

Іс-шараға Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Парламент Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков, ЕҰУ Директорлар кеңесінің төрағасы Дархан Мыңбай және университеттің 500-ден астам студенті қатысты. Сонымен қатар экосағатқа онлайн форматта Қазақстанның барлық өңіріндегі жоғары оқу орындарынан 2000-нан астам студент қосылды.


Қонақтар студенттерге былтыр қабылданған Су кодексіндегі жаңашылдықтар, экономика салаларында суды үнемдеуді қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен олардың нәтижелері, тұрмыстық жағдайда суды үнемдеу тәсілдері, сондай-ақ Солтүстік Аралды сақтау, су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту және жерасты суын игеру бағытындағы жобалар туралы айтып берді.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, су ресурстарын тиімді әрі ұқыпты пайдалану - елдің орнықты дамуының негізгі басымдықтарының бірі. Болашақта жас мамандар су ресурстарын тиімді басқару, жаңа технологияларды енгізу және экологиялық мәдениетті қалыптастыру ісінде айрықша рөл атқарады. Сондықтан сіздердің білімдеріңіз бен жаңа идеяларыңыз Қазақстанның су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен үлес қоса алады. Суды үнемдеу - баршамызға ортақ міндет. Күнделікті өмірдегі тіпті шағын әрекеттердің өзі үлкен нәтижеге жеткізеді. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында ғана біз еліміздің су ресурстарын сақтап, оны келер ұрпаққа аман жеткізе аламыз»,- деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.


Бұдан кейін ашық пікірталас өтіп, оның барысында қонақтар студенттерді қызықтырған сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ экосағат аясында Еуразия ұлттық университеті студенттерінің, оқытушылары мен жас ғалымдарының үздік зерттеу жұмыстары мен жобалары таныстырылды.

«Суды үнемде - болашақты сақта!» білім беру жобасын 2025 жылдың басынан бері Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Ақпараттық-талдау су ресурстары орталығы» КЕАҚ халықаралық ұйымдар мен серіктестердің қолдауымен жүзеге асырып келеді. Бастама Қазақстанда суды тиімді тұтыну мәдениетін ілгерілетуге бағытталған.