$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да TEER технологиясы бойынша бірегей операция жасалды

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да TEER технологиясы бойынша бірегей операция жасалды

Қазақстанда жүректің құрылымдық ауруларын емдеудің озық технологияларын енгізу және клиникалық дағдыларды дамыту шеңберінде Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының интервенциялық кардиологтары митралды жеткіліксіздікті емдеудің заманауи әдістерін қолдана отырып, бірегей операциялар жүргізді. Операциялар халықаралық сарапшылардың қатысуымен өтті: Dr. Ismail Ates, MD - Associate Professor of Cardiology Bahcesehir University и Dr. Zeynettin Kaya, MD, Yaşam Hospital. Іс-шара барысында институттың медициналық командасы Dragonfly заманауи жүйесін пайдалана отырып, TEER әдісі (митралды қақпақты «бір шетінен екінші шетіне» транскатетерлік қалпына келтіру) бойынша 4 жоғары технологиялық операцияны сәтті орындады.

27 жастағы пациентті орташа физикалық жүктеме кезінде пайда болатын ентігу, жүрек қағысының жиілеуі, бас айналу және жалпы әлсіздік мазалаған.

Айқын митралдық регургитация, сол жақ қарыншаның лықсыту фракциясының төмендігі (бар болғаны 27%) және ашық хирургиялық араласудың жоғары қаупін ескере отырып, клиника дәрігерлерінің консилиумы митралдық қақпақты эндоваскулярлық клиптеу операциясын жүргізу туралы шешім қабылдады.

TEER әдісі митралдық регургитацияның ауыр түрі бар пациенттерге қолданылады. Бұл жағдайда митралдық қақпақша жармалары толық жабылмай, қанның кері ағымы пайда болады.

«Мұндай білім беру және клиникалық іс-шаралар практикалық дағдыларды жетілдіруге, клиникалық тәжірибе алмасуға, жаңа технологияларды енгізуге және медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған. Олар теория мен практиканың байланысын қамтамасыз етіп, дәрігерлердің кәсіби құзыреттілігі мен клиникалық ойлау қабілетін дамытуға мүмкіндік береді», – деді институт басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаев.

Рентгенэндоваскулярлық операция блогының меңгерушісі Алексей Колесниковтың айтуынша, мұндай операциялардан кейін пациенттер тез қалпына келіп, бірнеше күннің ішінде үйіне шығарылады. Олардың өмір сүру сапасы айтарлықтай жақсарып, ентігу азаяды, физикалық жүктемеге төзімділік артады және медициналық көмекке жүгіну жиілігі төмендейді.