$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қазақстан мен Өзбекстан сауданы 10 млрд долларға дейін ұлғайтпақ

Қазақстан мен Өзбекстан сауданы 10 млрд долларға дейін ұлғайтпақ

Қазақстан мен Өзбекстан сауда айналымын 10 миллиард долларға дейін ұлғайтып, жаңа бірлескен жобаларды күшейтпек. Бұл мәселе Бұхарада өткен Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен Өзбекстан Олий Мәжілісінің парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің отырысында талқыланды. Жиынға Ерлан Қошанов пен Нуриддин Исмоилов қатысты. Тараптар екі ел арасындағы экономикалық байланысты кеңейту, өндіріс, логистика және инфрақұрылым жобаларын бірге дамыту туралы келісті. Қазірдің өзінде құны 2 миллиард долларға жуық 78 ортақ жоба іске асқан. Сондай-ақ цифрландыру, туризм, ауыл шаруашылығы және «жасыл» экономика бағыттары да назардан тыс қалмады. Алдағы уақытта осы салалардағы ынтымақтастық күшейтіледі. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев арасындағы келісімдер бұл жұмыстың негізгі тірегі екені атап өтілді.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Қазақстан Өзбекстанмен арада ғасырлар бойы қалыптасқан достық пен тату көршілік байланыстарды нығайтуға ерекше мән береді. Мемлекет басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында стратегиялық әріптестік пен одақтастықтың үлгі боларлық  моделі қалыптасты. Парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің жұмысы да Президенттер қол жеткізген келісімдер аясында жүзеге асуда. Былтыр Алматыда өткен отырыста экономикалық ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективаларын талқылап, қол жеткізілген нәтижелерді одан әрі дамыту жолдары туралы пікір алмастық. Сонымен қатар мәдениет, білім беру және туризм саласындағы өзара іс-әрекеттің маңызы айрықша атап өтілді. Бүгінгі үшінші отырыстың күн тәртібі өте мазмұнды. Біздің делегациялар ынтымақтастықтың барлық бағытын жан-жақты талқылайды.