Жастар шаршады. Арнайы жүргізілген зерттеуде 75 пайызы күйзелісте жүр деген қорытынды шығарылды. «Мотивация жоқ» деген сөз күнделікті тіркеске айналған. Бұл жай көңіл күй емес, қоғамдағы жаңа психологиялық үрдістің көрінісі. Сана салмақ көтермей, жүйке жүдеген заман ба? Тілшімізді тыңдайық.
Халықаралық индекс бойынша Қазақстан психикалық денсаулық деңгейінде 84 елдің ішінде 68-орында. Статистикаға сүйенсек, жастардың шамамен 60 проценті күніне 46 сағатын смартфон мен әлеуметтік желіде өткізеді. Қозғалыс белсенділігі төмен, 40 процентке жуығы ұйқы режимін сақтамайды. Мұның бәрі шаршаудың жиналуына әсер етеді. Сонымен қатар жастардың едәуір бөлігі нақты өмірлік мақсаттарын айқындамаған. Бағыттың болмауы ішкі күйзелісті күшейтеді.
БЛИЦ:
- Біз интернеттен ғана көреміз ғой успехты. Ал шын өмірде былай жан-жағына қарасаң, барлығы өзіміз сияқты адамдар.
- Шаршау сезімі кейде болады. Енді ол жалығу шығар. Сондай сезім болады.
- Жаңағы өмір сүру үшін қаражат табу керек. Сондай мәселелердің өзі күйзеліске түсірмесе, былай енді қарапайым затпен күйзеліске түсу мүмкін емес.
- Таңертең тұрғанда телефон аламыз. Содан басталады барлығы. Қатты көп информация келгендіктен, әр адам сондай загруженный болады.
Мамандардың айтуынша, күйзеліске түсудің басты себебі - әлеуметтік салыстыру. Көпшілігі өз жетістігін басқадан төмен бағалап, өзін өзгемен жарыстыруға әуес. Ал психологтар миға түсетін шамадан тыс ақпарат ағыны жүйкені әлсіретіп, адамның тез қажуына әкеледі дейді.
БАЛАБЕК САҚТАҒАНОВ, ПСИХОЛОГ:
Қазіргі жастардың арасындағы үнемі мынау қоғамда өмір сүріп жатырмын, мына ақпараттың өте көп тасқыны, әртүрлі мынау әлеуметтік желідегі ақпараттар бұның барлығын біздің миымыз өңдеп үлгере алмай қалады. Талдау жасай алмайды. Сондықтан да біз ол нәрседен адамдардың миы тезірек шаршап қалады да ақпаратты көтере алмайды. Сондықтанда олар тез шаршайды.
Дәрігерлер күйзелістің тек психологиялық емес, физиологиялық себептері де бар екенін алға тартады. Ұйқының бұзылуы, дәрумендер мен микроэлементтердің жетіспеуі ағзаның қалпына келу процесін әлсіретеді. Соның салдарынан адам өзін үнемі шаршаңқы сезінеді, ал бұл өз кезегінде көңіл күйдің төмендеуіне әсер етеді.
БАЛЫМ БҰЛАНОВА, ТЕРАПЕВТ:
Біріншіден негізгі себебі дәрумендердің жеткіліксіздігі. Өйткені қазір біздің көп балаларда дәрумендер және микроэлементтер жеткіліксіз болып табылады. Одан кейінгі себебі ол біз де ұйқысыздық болып табылады. Ұйқысы дұрыс болмағандықтан, біз де мелатонин гармоны дұрыс бөлінбейді де, сол себепті ми тынықпайды. Яғни дене тынықпайды. Соның әсерінен келесі күні көңіл күйдің төмендеуі мүмкін.
"Күйзелісті елемеу жағдайды ушықтыра түседі." Мамандар осылай деп дабыл қағуда. Ақпаратты шектеу, дұрыс ұйқы режимін қалыптастыру және нақты мақсат қою - бүгінгі жас үшін басты қорған. Себебі сананы сақтамай, сапалы өмір сүру мүмкін емес.