$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Елде қызметін адал атқармайтын құрылыс салушылардың тізілімі құрылады

06.04.2026ж. 18:36
Елде қызметін адал атқармайтын құрылыс салушылардың тізілімі құрылады
Фото: gov.kz

«Ашық НҚА» порталында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің «Жосықсыз құрылыс салушылардың тізілімін қалыптастыру және жүргізу жөніндегі Үлгілік қағидаларды бекіту туралы» бұйрығының жобасы жарияланды.

Бұйрық жобасы қызметін адал атқармайтын құрылыс салушылардың тізілімін қалыптастыру және жүргізу тәртібін айқындайтын Үлгілік қағидаларды бекітеді. Тізілім салынып жатқан объектілер орналасқан жері бойынша жергілікті атқарушы орган (ЖАО) тарапынан тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы электрондық нысанда жүргізіледі.

Тізілімнің тәуекелге бағдарланған құрылымы және 4 санаты белгіленеді:
- 1-санат - хабарламалық;
- 2-санат - тәуекелі жоғары;
- 3-санат - заңда көзделген негіздер бойынша;
- 4-санат - проблемалық нысандар.

Тізілімге енгізілетін мәліметтердің құрамы, ақпарат көздері, сондай-ақ деректерді толық, дұрыс және уақтылы енгізу жөніндегі ЖАО-ның міндеттері айқындалады.

- Тізілімге енгізудің салдары (күшейтілген бақылау; 3–4-санаттар бойынша үлескерлердің қаражатын тартуға шектеу), ашық ақпаратты ұсыну тәртібі және ЖАО шешімдеріне шағымдану тәртібі бекітіледі, - делінген құжатта.

Министрлік ақпаратына қарағанда, бұйрық жобасы құрылыс салушылар мен проблемалық нысандарды есепке алудың бірыңғай, түсінікті және тәуекелге бағдарланған тетігін қалыптастыру, сондай-ақ үлескерлердің құқықтық қорғалу деңгейін арттыру және құрылыс салушыны/объектіні таңдауда тәуекелдерді төмендету мақсатында әзірленді. Бұдан бөлек, құжатта нарық қатысушыларының тәртібін күшейту және үлестік тұрғын үй құрылысының ашықтығын арттыру, мәліметтерді Тізілімге енгізу/шығару және қатысушыларды хабардар ету бойынша жергілікті атқарушы органдардың (ЖАО) бірізді тәжірибесін қамтамасыз ету.

Құжат жобасы қоғамдық талқылауда 20 сәуірге дейін болады.