$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Түркияда курьер болып жұмыс істеп жүрген Қазақстан азаматын атып кетті

06.04.2026ж. 20:14
Түркияда курьер болып жұмыс істеп жүрген Қазақстан азаматын атып кетті
Фото: haberler.com

Түркияның Ыстанбұл қаласында жеке логистикалық компанияда курьер болып жұмыс істеген Қазақстан азаматы Ариф Исмаилов қастандық салдарынан көз жұмды.

Қайғылы оқиға Фатих ауданындағы Балабанаға кварталында, Зейнеп Камиль көшесінде болған. Мәліметтерге сәйкес, белгісіз адам қазақстандыққа жақындап келіп, оның басынан оқ атқан. Күдікті оқиға орнынан бірден қашып кеткен. Ал ауыр жарақат алған азамат сол жерде тіл тартпай кеткен. Шабуыл сәті бейнебақылау камераларына түсіп қалған.

Кейін шетелге қашпақ болған екі күдікті ұсталды. Ұстау операциясы Түркияның Едірне провинциясында жүргізілген.

Полицияның мәліметінше, күдіктілер шекараға автокөлікпен жеткен. Жандармерия дрон арқылы олардың қозғалысын бақылап, жаяу қашуға әрекеттенген кезде қолға түсірген. Ұсталғандардың Грузия азаматтары екені анықталды.

Медициналық тексеруден кейін олар Ыстанбұл полициясына тапсырылды.

Сонымен қатар, бұл іске қатысы бар автокөлік жүргізушісіне қатысты да тергеу басталды. Оған мигранттар контрабандасы мен адам саудасына байланысты айыптар тағылып отыр.