$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Он адамды кене шақты, оның үшеуі – бала

06.04.2026ж. 22:22
Он адамды кене шақты, оның үшеуі – бала
Фото: pixabay

Солтүстік Қазақстан облысындағы Айыртау ауданы кене энцефалиті бойынша эндемиялық аумақ болып саналады. Биыл 360 адамды вакцинациялау жоспарланған, бүгінде 44 адам егілді.

СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасовтың айтуынша, өңірде кене шағу бойынша эпидемиялық маусым сәуірден қазан айына дейін жалғасады. Биыл сәуір айының басынан бастап кене шағудың 10 жағдайы тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 3 жағдай анықталған.

- Былтыр облыста 962 адамды кене шақты. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 32% артық. Өткен жылы ересектер арасында кене энцефалитінің 7 жағдайы тіркелді. Мамлют ауданында – 1, Қызылжар ауданында – 2, Петропавлда 4 адам ауырды. 2024 жылы мұндай 5 жағдай тіркелген еді, - дейді Арман Күшбасов.

Маманның айтуынша, кене көптеген жұқпалы аурулардың тасымалдаушысы. Олардың қатарында кене энцефалитінен бөлек, бөртпе сүзек, туляремия, кене боррелиозы (Лайм ауруы), геморрагиялық қызба және басқа да қауіпті инфекциялар бар. Соның ішінде ең қауіптілерінің бірі – кене арқылы таралатын вирустық энцефалит.

- Кене энцефалиті – орталық жүйке жүйесін зақымдайтын жедел жұқпалы ауру. Аурудан толық сауығуға болады, асқынған жағдайда мүгедектікке немесе өлімге дейін алып келуі мүмкін. Вирус көбінесе иксодты кене шаққанда жұғады. Сонымен қатар кенені жаншып жібергенде немесе шаққан жерді қасығанда вирус тері арқылы ағзаға енуі мүмкін. Кене адам терісіне жабысып, қан сорған кезде ауырсынуды сездірмейтін арнайы зат бөледі. Сондықтан көп жағдайда адам кене шаққанын байқамай қалады. Аурудың алғашқы белгілері әдетте 1-2 аптадан кейін пайда болады, бірақ кейде инкубациялық кезең 1 күннен 1 айға дейін созылуы мүмкін, - дейді Арман Күшбасов.

Кене энцефалитін жұқтырғанда қатты бас ауырады, дене қызуы 38-39 С-қа дейін көтеріледі, қалтырап, бұлшық еттің ауыруы пайда болады. Сырқаттың жүрегі айнып, құсуы мүмкін.

- Айыртау ауданы кене энцефалиті бойынша табиғи ошақ деуге болады. Мұнда жұмыс істейтін адамдар міндетті түрде вакцина алуы тиіс. Биыл 360 адамды вакцинациялау жоспарланып отыр, қазіргі таңда 44 адам егілді. Сонымен қатар, биыл Айыртау ауданында кенеге қарсы дезинсекциялық жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр. Ал табиғат аясына шыққанда ашық түсті, денені толық жабатын киім киген жөн. Шалбарды шұлықтың ішіне салу, бас киім кию, кенеге қарсы арнайы аэрозольдерді қолдану қажет.  Кенелер әдетте 1,5 метрден жоғары көтерілмейді, сондықтан олар көбінесе аяққа жабысып, жоғары қарай жылжиды, - дейді маман.

Ал кене шақса оны күштеп жұлып алуға болмайды. Кене тұрған жерді спиртпен өңдеп, пинцет немесе жіп арқылы басына жақын жерден ақырын жұлу керек. Май немесе крем қолдануға болмайды - бұл инфекция жұқтыру қаупін арттырады.

Кене шаққан жағдайда міндетті түрде тұрғылықты жеріңіздегі емханаға барып, дәрігер кеңесін алу қажет.