$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Әзербайжанда нөсер салдарынан болған су тасқыны Набрань туристік аймағын қиратты

Әзербайжанда нөсер салдарынан болған су тасқыны Набрань туристік аймағын қиратты
Фото: Азертадж

4–5 сәуір күндері тоқтаусыз жауған нөсерлі жаңбырлар мен өзендердің арнасынан шыққан лай суы Әзербайжанның Набрань туристік аймағына елеулі зиянын тигізді.

Хачмаз ауданы атқарушы билігінің дерегінше, Истису кентінде жеке шаруашылықтар, егістік алқаптар, жол инфрақұрылымы және электр жүйелері қатты зардап шекті. Табиғи апат салдарынан кенттегі 150-ден астам жеке тұрғын үй зақымдалған.

Набрань ауылында өзен арнасынан шыққан лай су тұрғын үйлердің ауласына, туристік нысандарға және ауыл жолдарына айтарлықтай залал келтірген.

Апат салдарын тез арада жою, зардап шеккен тұрғындарға қажетті көмек көрсету және тиісті шараларды қабылдау мақсатында Аудандық төтенше жағдайлар комиссиясының мүшелеріне және тиісті қызмет көрсету аймақтарының басшыларына тапсырмалар берілді.

Аудан аумағындағы өзендердің арнасынан шығуы салдарынан Ниязоба ауылында да 105 тұрғын үй зақымдалды. Күшті нөсер кезінде лай суынан басқа үйлерге зиян келтірмеу үшін диаметрі 1500 мм қосымша темірбетонды су өткізу құбыры орнатылды, сонымен қатар аумаққа үздіксіз транспорттық қатынасты қамтамасыз ету үшін балама жол салынды.

Қазір аймақта құтқару, қалпына келтіру және реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.