Павлодарда полицейді балағаттаған жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Ол тәртіп сақшыларының ескертуіне құлақ аспаған. Түнгі рейд барысында полиция Toyota Corolla автокөлігін тоқтатқан. Тексеру барысында көліктің LED-шамын заңсыз орнатқаны анықталды. Заңға сәйкес бұндай жарығы күшті шамдар орнатуға тыйым салынған. Алайда, ол тәртіп сақшыларына бағынбай, балағат сөздер айтқан. Оның барлығын жүргізуші өзінің қалта телефонына түсіріпті.
ЖАННА БІЛӘЛОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
22 жастағы жүргізуші көлік құралын пайдалану қағидаларын бұзған. Полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбай, қоғамдық орында балағат сөздер айтқаны және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбау және билік өкілдеріне қатысты кез келген заңға қайшы әрекеттер заңды тікелей бұзу болып табылады.