$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Трамп Иранға қашан шабуылдайтынын ескертті

Трамп Иранға қашан шабуылдайтынын ескертті

"Бүгін сағат кешкі 20:00-де Иранның күл-талқанын шығарамын". Трамп қай уақытта соққы жасайтынына дейін ескертті. АҚШ Президенті шешім қабылдауға 10 күн уақыт бергенін, ары қарай бейбіт келісім жасауға мүмкіндік болмайды, - дейді. Израиль де қалысатын емес. Нақты қай нысандарды шабуылдайтынын да алдын ала жариялады. Бүкіл адамзат айдың артқы бетін көруге мүмкіндік алды. Артемида миссиясы тарихи жетістікке қол жеткізді. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Трамп Иранды қашан тас ғасырына қайтаратынын айтты. Бір күн, мезгіл емес, нақты бүгін сағат 20:00-де күл-талқанын шығарамын, - дейді. АҚШ Президентінің айтуынша, ойлануға 10 күне уақыт берген. Ол уақыт бүгін аяқталады екен.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Аустралия, Жапония, Оңтүстік Корея секілді елдер Ормуз бұғазына тікелей тәуелді. Олар ай қарап отыр ма түсінбедім. Мен өте мейірімді адаммын. Иранның күл-талқанын шығарғым келмейді. Бірақ, басқа амалым жоқ. Бір жағынан біз бейбіт жандардың да үйлерін қираттық. Солар маған, бізді тастамашы, тағы мынау сұмырай билікті бомбылашы, - деп үндеу жасап жатыр. Оларды құтқаруым керек.

Қорғаныс министрі Пит Хегсет болса, бүгінгі шабуыл жоспарына тереңірек үңілді. Оның айтуынша, Пентагон 4 сағат бойы атқылайтын нысандар тізімін бекітіп, тек бұйрық күтіп отыр.

ПИТ ХЕГСЕТ, АҚШ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ:

Біздің Президент қалжыңдамайды. Иран билігі осыны әлі түсінбеген секілді. Біз бір ұшқышымызды құтқару үшін Иран жеріне еш кедергісіз терең кіріп 7 сағат ұштық. Екінші ұшқышты құтқару үшін тағы 7 сағаттық операция жүргіздік. Бізді ештеңе істей алмайды, - деу нағыз қателік. Біз ойымызға келгенді істеуге күшіміз жеткілікті.

Күні кеше Иран Израильдің Хайфа қаласына дронмен шабуылдаған. Нәтижесінде 4 тұрғын қаза тапты. Израиль Премьер-министрі де осыған байланысты үндеу жасады. Иранның қай нысандарын атқылауды АҚШ-пен бөлісіп алдық, - дейді. Сондықтан, Иранды тас ғасырына қайтару жоспарына біз де қатысамыз, - деп жарияға жар салды.

ИСРАЭЛЬ КАЦ, ИЗРАИЛЬ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ:

Иран халқының басым бөлігі қоныстанған жердегі электростанцияны біз көздеп отырмыз. Одан бөлек, Исфахандағы мұнай-химия зауыты да жақын арада көкке ұшады. Ол елдің қажеттілігінің жартысын қамтамасыз етеді. Біз оның түгін де қалдырмаймыз. Сол кезде Иран қалай күн көреді екен?

Адамзат Айдың арғы бетін көрді. НАСА-ның Артемида миссиясы тарихи жетістікке қол жеткізді. Астронавттар жер серігінің бұрын-соңды зерттелмеген бетіне аттанды. Жақын арада ғарыш агенттігі көпшілікті таңқалдырар мәліметпен бөліспек.