$541.34 €640.73 ₽6.53
×

«Қазақстанда эвтаназияға рұқсат беру керек» - құқықтанушы

«Қазақстанда эвтаназияға рұқсат беру керек» - құқықтанушы

Еуропада эвтаназияны заңдастыру толқыны күшейіп келеді. Әуелде тек физикалық азапты тоқтату үшін ойластырылған өлім екпесіне енді психологиялық депрессияға шалдыққандар мен «өмірден шаршағандар» жүгіне бастады. Тіпті, кедейліктен жеңіл өлімге сұранған фактілер де тіркелген. Халықаралық құқыққорғаушылардың үрейін тудырған үрдістің Қазақстанға керегі бар ма? Тілші Айсәуле Съезбек тарқатсын.

Ақпан айында  49 жастағы канадалық актриса Клэр Броссо өлуге рұқсат бермеген ел үкіметін сотқа берді. Ол биполярлық бұзылысқа тап болғандарды эвтаназиядан шектеу – кемсіту деп санайды. Ал 25 жасар испаниялық Ноэлия Рамос 1,5 жыл бойы әкесімен эвтаназияға құқық алу үшін соттасты. Жыныстық зорлыққа ұшырап, белден төмен сал болып қалған ару осыдан 10 күн бұрын о дүниеге ерікті түрде кете барды.  

АЙГҮЛ ҚҰСПАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: 

Францияда жұмыс істегенімде Швейцария осы эвтаназия жөнінде бірінші заң қабылдаған. Сонда кейбір француздар Швейцарияға барып, осы эвтаназия жасатқан өздеріне. Еуропада бұл мәселе неге туындады десек, олар ұзақ өмір сүреді. 90-100 жасқа дейін.

«Өлім туризмінің» көш басында Швейцария, Бельгия, Нидерланды тұр. Әсіресе, Альпі тауларына қарап отырып, соңғы сапарға аттану еуропалық қарттар үшін сәнге айналған. Мұндағы клиникалар орта есеппен 5-7 млн теңгеге жеңіл өлуге көмектеседі. Эвтаназия тек медициналық процедура емес, үлкен бизнес пен идеологияға  айналып отыр. Қазақстандық құқықтанушы Думан Базарбек біздің елімізге де бұл процедура керек дейді.

ДУМАН БАЗАРБЕКОВ, ҚҰҚЫҚТАНУШЫ:

Жасанды аппараттармен демалады. Сонда дем алғаны ауа – аппарат арқылы. Жегені – медикомент. Яғни, система, дәрі, тамақ жемейді. Сана-сезім, адамдармен контакт жоқ. Жай жатады. Не көзі қимылдамайды. Не ымдай алмайды. Өлім күнін күтеді ғой. Соны медициналық көзқараспен комиссиялық шешіммен жоқ бұған қандай қолданса да, өмірге жарамсыз адам, тірі бірақ өмірмен контакт жоқ деп шығарылса, эвтаназия шарасын қолдану қажет деген ойдамын.

Маман эвтаназияны заңдастырсақ, жазылмайтын науқастарға мемлекет млрдтап бөлетін қаржы үнемделеді дейді. Әрі донор кезегінде тұрған талай жанға жаңа өмірге мүмкіндік туады. Ал Мәжіліс депутаттары әзірге бұл бағытта сөз қозғауға асықпайтын секілді. 

СНЕЖАННА ИМАШЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Түрлі жағдайлар болады шынымен де. Оны енді жан-жақтан қарау керек. Біріншіден медицина жағынан қарау керек. Жалпы мен ондай нәрсеге қарсымын. Әр адамның осы өмірден кететін уақыты бар.

Қазақстанда эвтаназияға «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекспен қатаң тыйым салынған. Дәрігерлер үшін бұл – кәсіби антына қарсы шығу. Олардың міндеті – өлімге жәрдемдесу емес, емдеу. Ал менталитетте өлім – тек тағдырдың ісі. Елдегі діни конфессиялар бірауыздан қарсы.

ЕЛБЕК ТАСБОЛАТҰЛЫ, ҚМДБ ШАРИҒАТ ЖӘНЕ ПӘТУА БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ: 

Дінімізде адамның денесі – аманат. Аманат болған соң барынша емделу керек. Дінімізде ми өлімін нақтыланған кезде дәрігерлердің ми өлімі расталды деп шешімі шыққаннан кейін туған-туысының рұқсатымен аппараттан ажыратуына болады. Ал басқа жағдайда бұндай өлім жағдайына алып келуге ешкімнің қақысы жоқ.

Қазақстандық қоғам үшін эвтаназия – әлі де жабық әрі жат тақырып. Бір тарап мұны «азаптан құтылу мен еркіндік» десе, екінші тарап «моральдық азғындау мен жауапкершіліктен қашу» деп бағалайды. Батыстағы «өлім конвейеріне» айналған үрдіс біздің елде әзірге қолдау таппайтын секілді.