$541.34 €640.73 ₽6.53
×

"Мораторийден кейін коммуналдық қызмет құны қымбаттауы бек мүмкін",- вице-министр

"Мораторийден кейін коммуналдық қызмет құны қымбаттауы бек мүмкін",- вице-министр

Мораторийден кейін коммуналдық қызмет құны қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы бүгін Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов айтты. Тарифті көтеру үшін әр өңір өтініш береді, соған қарай құны белгіленеді. Коммуналық қызметтің ақысын өсіруге не себеп? Елімізде қанша жылға жететін көмір қоры қалды? Үкімет отырысына қатысып қайтқан тілшіміз Бекболат Сатуов тарқатады.

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов бүгін жұртты алаңдатқан сұраққа жауап берді. Ол коммуналдық тариф құнына қатысты пікірін білдірді. Сөзінше, мәселені табиғи монополияларды реттеу комитеті қарастырады. Бірақ тариф құны өздігінен көтерілмейді. Оған өңірлер өтініш беру міндетті. Сондықтан барлық шығын есептеліп, қажетті тариф бекітіледі. Ол коммуналдық тариф құны көтерілетінін сенімді түрде жеткізді. Себебі инфляция ырық бермей тұр деді. Бұдан бөлек, электр энергиясына қатысты да проблема бар. Бұл тұрғыда әлі күнге дейін импортқа тәуелдіміз. Сондықтан бағаға ол да әсер етеді деді.

СҰҢҒАТ ЕСІМХАНОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Себебі инфляция әсер етеді, қызмет көрсетуге қажетті құрал-жабдықтар қымбаттап жатыр. Сонымен қатар, бұл салада да азаматтар жұмыс істейді, олардың жалақысын көтеру қажеттілігі бар. Сондықтан тарифтердің өсуі объективті себептерге байланысты қарастырылады. Тиісті себептер болғандықтан әрине өсуі мүмкін.

Энергетикалық қауіпсіздік барысында көмір өнеркәсібі негізгі мәнге ие. Еліміздегі көмір қоры 33 миллиард тоннадан асады, ол 300 жылдан астам уақытқа жетеді. Былтыр көмір өндіру көлемі 115,9 млн тоннаны құраған. Оның 85,9 млн тоннасы ішкі нарыққа, қалғаны экспортқа кеткен. Былтыр осы салаға салынға инвестиция көлемі 305 млрд теңге болса, биыл оны 553 млрд теңгеге жеткізу межесі тұр. Салада қазір 32 мың адам жұмыспен қамтылған.

ЕРЛАН АҚКЕНЖЕНОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

Министрлік көмір саласындағы геологиялық барлауды дамытуға айрықша назар аударады. Жыл соңына дейін 10-ға жуық жер қойнауы учаскесінің көмір кен орындарына жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша аукцион өткізу жоспарланған.

Олжас Бектенов Мемлекет басшысы ел экономикасында көмірмен қуат өндіру ісінің маңызын әрдайым атап өтіп, саланы одан әрі дамыту үшін бірқатар бағыттарды айқындап бергеніне назар аудартты.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР МИНИСТРІ:

Көмір қоры бойынша біз әлемдегі жетекші 10 елдің қатарына кіреміз. Бұл — біздің елеулі бәсекелік артықшылығымыз, оны тиімді пайдалануға тиіспіз. Сонымен қатар кейінгі уақытта қоршаған ортаға әсері барынша аз «Таза көмір» технологиялары белсенді дамып келеді.Атап айтқанда, кейінгі жылдары көмірқышқыл газы мен қоспаларды 90 пайызға дейін ұстап қалып, зиянды қалдықтарды қауіпсіз сақтауға мүмкіндік беретін жаңа технологиялар қарқынды дамуда.

Премьер-министр «Таза» технологияларды жаппай қолданысқа енгізуді жүктеді.  Бұл тұрғыда Қытай, АҚШ, Үндістан, Оңтүстік Корея секілді дамыған елдердің тәжірибесі бар. Сондықтан жаңа техналогияны қолдану үшін наурыз айында көмір генерациясы бойынша Ұлттық жоба қабылданған. Мәселені шешу үшін Энергетика министрлігі «Самұрық-Энерго» компаниясымен және өңір әкімдіктерімен тізе біріктіруі керек.