Атырау облысында «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы талқыланды. Партия жанындағы білім және денсаулық мәселелері жөніндегі аймақтық кеңестің көшпелі отырысы Индер ауданында өтті. Ауданда биыл «Жол картасына» 44 іс-шара енгізілген. Оның 4еуі толық орындалып, кәсіпкерлікті қолдау, туризмді, ауыл шаруашылығын дамыту, апатты және үш ауысымды мектеп проблемасын шешу, жұмыс орындарын ашу бойынша бірқатар жұмыстар әлі де жүзеге асып жатыр. Кейбір өзекті мәселелер ашық талқыланды. Есбол ауылындағы апатты деп танылған орта мектептің құрылысы 3 жыл тұрып қалып, әрең аяқталып келеді. Мамандар екі елдімекенде балабақша сметалық құжаттамасы екі мәрте әзірленгенімен, қаражат бөлінбей тұрғанына алаңдаушылық білдірді. Сондай-ақ ауданда гинеколог, офтальмолог, дерматолог, радиолог секілді 10 дәрігер жетіспейтінін айтып, кейбір елдімекендерге жедел-жәрдем бригадасын ашуды ұсынды. Биыл «Ауыл-Аманаты» бағдарламасы Индер ауданы бойынша жобалар аз екендігі ескертіліп, кәсіпкерлер мен шаруаларды мемлекет ұсынған мүмкіндікті қалт жібермеуге шақырды.
САЛАМАТ ИДРИСОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ АОФ ЖАНЫНДАҒЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ДЕНСАУЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ АЙМАҚТЫҚ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ:
Біздің мақсатымыз қоғамдық кеңесте және депутаттар осы жол картасында көрсетілген негізгі міндеттердің орындалуын қадағалау, оны билікпен бірге шешу. Бүгінгі кездесуде де осы мәселелрді де жан жақты талқылап, сәйкесінше біз кейбір ұсыныстарды облыстық әкімдікке, жергілікті биліктерге ұсынамыз.