Ақтөбе облысында «Мал ұрлығына жол жоқ!» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полицейлер Ырғыз ауданында мал ұрлау әрекетінің жолын кесті.
Түнгі рейд кезінде полиция қызметкерлері дала ішінде шамын қоспай келе жатқан тіркемесі бар жол талғамайтын көлікті байқап қалған. Бұл күдік туғызғандықтан, полицейлер көлікті тоқтатуға әрекет жасаған.
Алайда жүргізуші талапқа бағынбай, қашып кетуге тырысқан. Осыдан кейін қуғын басталған.
Нәтижесінде көлік тоқтатылып, жергілікті екі тұрғын ұсталды.
Тіркемені тексеру кезінде оның ішінде еркін жайылымнан ұрланған бие мен құлын болғаны анықталды.
Кейін жануарлардың Құмтоғай ауылының тұрғынына тиесілі екені белгілі болды.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жануарлар иесіне қайтарылды.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, сондай-ақ ұсталғандардың осыған ұқсас өзге қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.