Психологтердің кәсіби біліктілігі мен біліміне нақты талаптар қойылады. Бұл жөнінде Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында заң жобасын талқылау кезінде депутат Айна Мысырәлімова мәлімдеді. Одан бөлек, психологтердің және қызмет алушылардың құқықтары мен міндеттері айқындалады.
Заңда алғаш рет психолог ұғымы нақты айқындалып, психологиялық қызметпен кімдердің айналыса алатыны белгіленеді. Психологтердің кәсіби біліктілігі мен біліміне қойылатын нақты талаптар енгізіледі. Сонымен қатар кәсіби құпияны сақтау, этикалық нормаларды ұстану және манипулятивтік әдістерді қолдануға тыйым салу сияқты қызмет қағидаттары бекітіледі. Қызмет сапасын арттыру мақсатында стандарттау, кәсіби жауапкершілікті күшейтуге бағытталған нормалар қарастырылған. Сондай-ақ психологиялық қызметтің нысандары мен әдістері белгіленеді. Мысалы, психолог өз қызметі аясында психодиагностика жүргізуге, кеңес беруге, психокоррекциялық әдістерді қолдануға, оңалту, дағдарыстан шығу көмегін көрсетуге құқылы, - деді А. Мысырәлімова.