Елде бұралқы иттердің саны артып барады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң жобасын талқылау кезінде депутат Еділ Жаңбыршин мәлім етті.
2021 жылы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң қабылданды. Оның иесіз жануарлар санын реттеудегі негізгі тетіктерінің бірі қайтарымды аулау әдісі болды, яғни «аулау, стерилизациялау, вакцинациялау, қайтадан сол ортаға қайтару.
Заң қабылданған кезде бұл әдіс заманауи, гуманистік, өркениетті тәсіл ретінде ұсынылды. Бірақ біз заңды ниетпен емес, нәтижемен бағалауымыз керек. Ал нәтиже, өкінішке қарай, анық: бұралқы иттердің саны азайған жоқ, керісінше өсті. Егер 2022 жылы 243 574 иесіз жануар ауланса, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша бұл көрсеткіш 276 282-ге жеткен. Бұл ретте азаюды емес, өсімді көріп отырмыз. Демек, қолданыстағы модель оны енгізудің басты мақсатын орындай алған жоқ. Мұны ашық айту керек, - деді Еділ Жаңбыршин.
Сонымен қатар ол бұл мәселе бойынша тек ішкі жағдайды ғана емес, халықаралық құқықтық және практикалық тәжірибе де зерттелгенін айтты. Жалпы, әлемде иесіз жануарлар санын реттеудің негізінен екі моделі бар:
- Біріншісі - қайтарымды аулау.
- Екіншісі - қайтарымсыз аулау.
- Әрине, әлемде бәріне бірдей мінсіз, әмбебап шешім жоқ. Бірақ бір маңызды қорытынды бар: Азаматтардың қауіпсіздігін бірінші орынға қоятын мемлекеттерде бұралқы иттерді қайтадан қоғамдық ортаға қайтару не қолданылмайды, не өте шектеулі түрде ғана қолданылады. Бұл тұрғыда Түркияның мысалы өте маңызды. Түркияда 20 жылға жуық уақыт бойы қайтарымды аулау моделі қолданылды. Алайда күткен нәтижеге қол жеткізілген жоқ.
Керісінше, әртүрлі бағалаулар бойынша, бүгінде Түркияда шамамен 4 миллион бұралқы ит бар. Сондықтан 2024 жылы Түркия бұрынғы тәсілден бас тартып, қайтарымсыз аулау моделіне көшуге мәжбүр болды. Екінші маңызды мысал - Үндістан. Үндістан көбіне қайтарымды аулау моделі қолданылатын ел ретінде мысалға келтіріледі. Бірақ біз тек құқықтық жағын емес, санитариялық-эпидемиологиялық салдарын да қарауымыз керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, әлемдегі құтырудан болатын өлім-жітімнің шамамен 36%-ы Үндістанға тиесілі. Ал адамға құтыру жұқтыру жағдайларының 99%-ға дейіні иттерден болады. Бұл - өте маңызды ескерту, - деді депутат.
Оның айтуынша, итті ұстап, стерилизациялап, вакцинациялап, қайтадан ортаға қайтарудың өзі автоматты түрде олардың санын азайтпайды, санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етпейді, адамды қорғамайды.
Егер мемлекет популяцияны толық бақылауды, жаппай вакцинацияны, сәйкестендіруді және қатаң әкімшілендіруді қамтамасыз етпесе, онда мұндай модель қоғам қауіпсіздігіне қарсы жұмыс істей бастайды.
Бұл заң жобасы эмоциялық емес, жүйелі қайта қарауды ұсынады. Ол жануарларға қарсы бағытталмаған. Ол бүгінгі проблеманы туындатқан құқықтық бейберекетсіздікке, жауапсыздыққа, басқарушылық дәрменсіздікке қарсы бағытталған. Біріншіден, бұралқы иттерге қатысты базалық тәсіл өзгереді. Заң жобасының ең негізгі түзетуі - бұралқы иттерге қатысты оларды қайтадан ортаға қайтару моделінен қайтарымсыз аулау моделіне көшу. Бұл - қағидатты мәселе. Өйткені бүгінде мемлекет іс жүзінде мынадай қисынсыз схема бойынша жұмыс істеп отыр: итті аулайды, стерилизациялайды, вакцинациялайды, содан кейін сол азаматтар шағымданып отырған ортаға қайта жібереді. Осы орайда мемлекет өз қолымен ықтимал қауіпті қайтадан қоғамның ортасына қайтарып отыр. Қоғамдық қауіпсіздік тұрғысынан бұл тәсіл сын көтермейді. Сондықтан бұл жерде неғұрлым шынайы әрі жауапты модельге көшу ұсынылады, - деді Еділ Жаңбыршин.