$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Ақтөбе әкімдігінің ғимараты өртенді

AstanaTV
08.04.2026ж. 19:00
Ақтөбе әкімдігінің ғимараты өртенді

Ақтөбенің қақ ортасында орналасқан әкімшілік ғимараты өртенді.  Өрт сөндірушілер бір сағатта тілсіз жауды оқшаулап, кейін толық сөндірді. Қазіргі таңда жағдай тұрақты, зардап шеккендер жоқ, медициналық көмекке ешкім жүгінбеген.

Құтқарушылар 5 минутта жеткен.  Өртті сөндіру барысында жалынның кең аумаққа таралуы, жанғыш материалдардың көптігі, қою түтін, жоғары температура және ғимараттың конструкциялық ерекшеліктері қиындық туғызған. Адамдар дер кезінде эвакуацияланып, жедел штаб құрылған.

АЙБАТ ЖАҢАБЕРГЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Тоқ көздерінің, астында кабельдердің басқа да жануы себеп болуы мүмкін. Тоқтар жүріп жатады, енді оны білесіздер, мысалы байланыс қызметтерінің сымдары болуы мүмкін, тағы да басқа тоқтар. себептері сол-қысқа тұйықталуы болып, содан өрт таралуы мүмкін.

Өртті сөндіруге 338 адам жұмылдырылды. 1,5 сағатта тілсіз жау ауыздықталған. Ғимараттың техникалық жағдайын бағалау үшін сарапшылар тартылып, нақты іс-қимыл жоспары бекітілді.  Мамандар  жұмыс орындарына оралуда. 

ӘЛІБЕК БАЙНЕШОВ, ОБЛЫСТЫҚ ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Осы өрт болған бетте 6-шы қабатта ғана су өтіп, бүлінген кабинеттер бар. 5-ші қабатта аздау-жоғ-ау деймін негізі. Басқа кабинеттердің барлығы, жұмыс орындарының бәрі таза. Жұмыс жалғастыруға мүмкіндік бар.

Өрт кезінде өңір әкімі Асхат Шахаров Мемлекеттік туды алып шыққан. Оның айтуынша, қандай жағдай болса да мемлекеттік рәмізді сақтап қалу – басты міндеттердің бірі.

Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды. Арнайы комиссия өрттің себептерін анықтап жатыр.