$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қазақстанның қаржы секторы алаяқтыққа қарсы күресте жаңа тәсілдерді іздеуде

Қазақстанның қаржы секторы алаяқтыққа қарсы күресте жаңа тәсілдерді іздеуде

Иа, елде күн сайын интернет-алаяқтық фактісі жиілеп барады. Салдарынан тұрғындар миллиондаған қаржысынан айырылып жатыр. Алдау схемалары да әртүрлі. Осыған байланысты бүгін бас қалада AntiFraud Forum Kazakhstan форумы өтті. Онда сарапшылар цифрлық алаяқтықты қалай тоқтатуға болатынын талқылады. Негізгі тақырыптардың бірі — қаржы секторының бірінші қорғаныс шебі ретіндегі рөлі болды. Қатысушылар деректер мен нақты мысалдар негізінде банктер мен финтех компанияларының мемлекет қолдауымен алаяқтыққа қарсы әрекет етудің тиімді жүйесін қалай қалыптастырып жатқанын көрсетті. Бұл жүйе жаңа қауіптерге жедел жауап беруге мүмкіндік береді.

ДЕНИС СТЕПАНЦЕВ, «ЦИФРЛЫҚ ҚАЗАҚСТАН» ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Әр жолы жаңа схемалар пайда болады: бірде пошта жеткізіліміне қатысты, бірде жылу есептегіштерін тексеру деген сияқты. Бұл тәсілдер барған сайын айлалы болуда, сондықтан қазір барлығымыз бірігіп, ортақ үйлестіру жүргізуіміз қажет. Бір-бірімізге сигнал беріп, азаматтарымызды қалай қорғай алатынымызды ойлауымыз керек. Форумның басты мақсаты — осы.

Айта кетейік, іс-шара «AMANAT» партиясы мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен өтті. Қатысушылар қоғамдық талқылау тәсілін өзгерту қажеттігін де атап өтті. Яғни, эмоциядан көрі нақты деректерге, заңнамалық бастамаларға және нақты нәтиже беретін технологиялық шешімдерге көшу керектігі айтылды.

ШОЛПАН КАРИНОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

Цифрлық алаяқтыққа жол бермеу үшін қандай қадамдар жасауымыз қажет деген бағытта бүгінгі күні шара өткізіліп отыр. Бұл шараға еліміздің барлық өңірінен партиялық филиалдардан цифрлық комиссар бекітілген болатын елімізде. Осы әр өңірде цифрлық комиссар бекітіліп, олар осы жұмысқа қатысып отыр. Біздің мақсатымыз қайткен күндеде барлық өңірге тең қолжетімді ақпаратпен қамтамасыз ету.