$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Иесіз иттер эвтаназияға жіберіледі

Иесіз иттер эвтаназияға жіберіледі

Соңғы бір жылда ел бойынша 41 мыңнан астам адамды ит талаған. Оның 23 мыңы иесіз жүрген қаңғыбас иттердің шабуылына ұшырады. Жеті қазынаның бірі, адамның досы деп жүрген жануар, талай жанның тағдырын тауқыметке айналдырды. Мәжілісмендер енді қайғылы жағдайға жол бермеу үшін иесіз иттерді қоғамға қайта жіберуді тоқтататын заң әзірледі. Төбеттерін баласындай бағатындар үшін де талап күшейеді. Толығырақ тілші Айсәуле Съезбек тарқатады.

АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:

Елімізде 1 сағат ішінде 5 адамды ит қабады. Салдарынан мүгедек болып, құтырма ауырына шалдығып, тіпті өлім құшатын жағдай аз емес. Жануарларға қамқорлықпен қарауға тиіспіз. Алайда адам өмірі мен денсаулығын сақтау -мемлекеттің ең басты бағыты. Мәжіліс бүгін бұралқы иттер мәселесін шешу бойынша заң жобасын талқылады. Енді иесіз иттерге 5 күннен соң эвтаназия жасалады.

5 жыл ішінде  бұралқы бұзықтар саны 13 процентке, олардың адамдарға тап беруі 28 процентке өскен. Ақтөбеде дәл осындай қайғылы оқиғадан кейін бір бала ажал құшты. Ал Оралдағы жасөспірім мүгедек болып қалды. Өндірдей жас өлімші боп жараланып, ажал аузынан қалса да, ешкім жауапқа тартылмапты.

МҰХТАР ӨТЕСОВ, ТҰРҒЫН: 

Сағынгерейұлы Сұлтан деген 2011-жылы туған баланы бір топ ит қуып, талайды. Ол қашып құтылып талап тастайды, аяғын жалбыратып. Содан кейін участковыйға айтады. Ана иттерді ұстап алып, алып кетіп, апарып қамағанда сол жерде мойканың қасында итті қорғайтын бір орыстар бар. Орыс әйелдер. Солар артынан қуып барып, ана иттердің бәрі шығарып алады. Содан кейін сол иттер екі күннен кейін бе, үш күннен кейін бе жаңағы баланы қайтадан талайды. Талағанда дымын қалдырмай, бір аяғы кәдімгідей семіп қалды. Инвалид ана бала. Сол иттерге де дым да болған жоқ. Сол иттер әлі сол жерде жүр.

Бүгінге дейін көше кезген қаңғыбас ит нақты агрессия көрсетсе ғана шара қолданылатын. Ал қалғанын мемлекет есебінен ұстап, стерилдеп, вакциналап, қайтадан келген жеріне қайтаратын. «Қайтарымды аулау» деп аталған бұл модель гуманизмнің көрінісі деп табылған. Салдарынан жазықсыз жандар жапа шекті. Енді бұлай тайраңдау тоқтайды. Иесіз иттерді 5 күн ішінде жаңа қожайын алмаса, эвтаназия тәсілімен мәңгілік ұйықтатады.

ЕДІЛ ЖАҢБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Олар өз есебінен вакцинация жасап, кастрациялап, чипировать ету керек. Содан кейін барып олар алып кете алады. Егер бюджетіңізде ақша болса, өмір бойы ұстасаңыз да болады. Енді иесі бар иттер болады. Оны ұстап алғаннан кейін чипі болу керек. Егер ол иттің қожайыны 60 күнге дейін табылмаса, мәслихат өмір бойы ұстайды. Немесе эвтаназияға жібереді.  

Қысқасы, енді иесіз ит болмайды. Егесі барлар тұмылдырық тағып жүруге міндетті. Рұқсат етілген жерде ғана қыдырта алады. Полицейлер әр үйге кіріп, ит пен мысықтың чипін тексереді. Иелері бір ай ішінде жануарын тіркемесе, айыппұл арқалайды. Үшінші тексеруде заң талабын орындамағандардың итін тартып алады.

ЕРБОЛАТ САТЫБАЛДЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT»  ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:   

Біреудің иті зиян келтірген жәбірленушінің денсаулығына байланысты зиянын толық өтейді. Екіншіден агрессия жасаған итіне эвтаназия жасатуға міндетті. Үшіншіден айыппұлдарды әкімшілік-азаматтық кодекс бойынша төлейді.

Депутаттар әлемдік тәжірибені де мысалға келтірді. Мәселен, Түркия 20 жыл бойы гуманистік жолды таңдағанымен, 4 миллион бұралқы ит жиналып, биыл қайтарымсыз аулауға көшуге мәжбүр болған. Ал Үндістанда құтыру ауруынан болатын өлімнің 99 пайызы дәл осы иттерден жұғатыны анықталған.

АННА ХАМЧУКОВА, ЗООЛОГИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ МАМАНЫ:

Жаңа нормалар ит иелерінің жауапкершілігін арттыруға бағытталып отыр. Жануарға чип тақса, жоғалған кезде де реестрден қарап тауып алуға болады. Басқаша біз адамдарға қауіп төндіретін бұралқы ит проблемасын шеше алмаймыз. 

АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:

Жаңа заң тек жануарларды аулауды ғана емес, ең алдымен адамдардың жауапкершілігін реттемек. Міндетті чиптеу, айыппұлдар мен қатаң бақылау – "біз асыраған жануарға өмір бойы жауаптымыз" деген қағиданы заңмен бекіту. Ең бастысы, бұл өзгерістер көшеде емін-еркін жүруге сескенетін ата-аналар мен балалардың үрейін сейілтсе игі.