$541.34 €640.73 ₽6.53
×

БҚО-да демалыста жүрген құтқарушы ойда-жоқта екі адамды өрттің ортасынан алып шықты

БҚО-да демалыста жүрген құтқарушы ойда-жоқта екі адамды өрттің ортасынан алып шықты
фото скрин

БҚО-ның Бәйтерек ауданына қарасты Достық ауылында демалыста жүрген құтқарушы екі адамды өрттің ортасынан алып шықты.

Оқиға өткен түні болған. Демалыста болған ТЖД қызметкері, азаматтық қорғау капитаны Айбар Қамидуллиев үйіне көлікпен бара жатып, пәтердегі өртті байқайды. Көп ойланбастан, ол көмекке ұмтылады. Өз өмірін қатерге тігіп, өрт сөндірушілер келгенге дейін түтінге толы пәтерге терезе арқылы кіріп, екі адамды табады.

Пәтердің кілтін тауып, терезе арқылы даладағы адамдарға лақтырады. Сырттағылар есікті ашқаннан кейін, Айбар іште қалып, эвакуацияға жол ашып, адамдарды уақытында қатты түтін басқан бөлмеден алып шықты. Құтқарылғандар жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды.

Өрт сөндірушілер келген кезде №4 пәтердің, балконның және шатырдың жанғаны, сондай-ақ екінші қабаттағы №5 пәтер балконының ішінара өртенгені анықталды. Өрттің жалпы аумағы 40 шаршы метрді құрады.

Өрт сөндірушілер жалынның көрші пәтерлерге таралуының алдын алып, адам шығынына жол берілген жоқ. Өрт толық сөндірілді.