Елімізде 19 мыңға жуық жас несиесін төлей алмай жүр. 18 бен 21-дегі азаматтардың микроқаржы ұйымдары алдындағы қарызы 90 күннен асып кеткен. Олар 136 мыңнан астам микронесие алған. Жастар неге несиеге құмар? Тілшіміз зерттеді.
Бәрі қарапайым қалаудан басталады. Қымбат киім, дәмді тамақ үшін алынған алғашқы несие кейін екіншісіне, сосын үшіншісіне ұласады. Оны төлемесең шотың бұғатталады. Астаналық Серік Құдайбергенов те дәл осылай бір жарым миллион теңге қарызға батқан. Оны жабу үшін бірнеше микронесие алып, жағдайы одан ары ушығыпты.
СЕРІК ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, МАГИСТРАНТ:
Мүмкіншілігі ашылған кезде, адамның қалаушылығы да көбейеді ғой, содан кейін тағы біреуін алдым, кейін тағы біреуін алдым. Сөйтіп алып, алып байқамай қалдым бір жарым миллионға жетіп қалыпты. Енді соның бәрін жабайын деп 3-4 микрозайм алдым. Ол өте қате болды мен үшін.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ақпаратынша, биыл екінші деңгейлі банктер жастарға 17 трлн теңгеге дейін несие берген. Оның 40 пайызы қарызын қайтара алмапты.
НАЗЕРКЕ МЫРЗАҒАЛИҚЫЗЫ, ЗАҢГЕР:
Көп жағдайда жастар бір ғана 20–30 мың теңге қарыздан емес, бірнеше микрозаймды бір-бірімен жауып жүрген кезде келеді. Яғни, бір қарызды екіншісімен жабу әдетке айналып, жалпы қарыз сомасы өсіп кетеді. Тіпті Реестр Должников-ка шығып, атқарушылық іс басталып кеткенде жүгінетіндердің де үлесу басым.
Сарапшылар жастар арасында қарызбен өмір сүру қалыпты болып бара жатқанын айтады. Ең проблемалық топ 18-ден 35 жасқа дейінгілер. Несиенің басым бөлігі тұрмыстық техника мен смартфондарға тиесілі.
ЖАНСАЯ ҚАЙЫМ, ҚАРЖЫ МАМАНЫ:
Жалпы 30-40% студенттер келеді деп айта аламын, бірақ үлкендердің де саны аз емес. жастардың бәрі төлем суммалары 20-30мың болғанда емес, миллиондап қарызға батқанда яғни тығырыққа тірелгенде бірақ көмек сұрап келеді.
1 шілдеден бастап елде несие беру тәртібі өзгереді. Егер ресми жұмысыңыз бен соңғы 6 айдағы зейнетақы аударымдарыңыз болмаса, банк табалдырығынан аттай алмайсыз. Стипендия бұл жерде табыс ретінде есепке алынбайды. Тағы бір жаңалық - онлайн несие рәсімдеу кезіндегі бақылау. Бұрын біреудің құжатымен қарыз алу оңай болса, қазір биометриялық сәйкестендіру, яғни бет-әлпетті тану міндетті. Бұл- қарыз батпағына батып кетпеу үшін қойылған тосқауыл.