Жамбыл облысында «Айша бибі» әйелдер көшбасшылығы мектебі ашылды. Аймақтағы «Аманат» партиясының Әйелдер қанаты «Әйел аманаты» жобасы аясында іріктеу өткізіп, әлеуеті жоғары 100 нәзік жандыны таңдап алған. Қатысушылар енді екі ай Тараз университетінің қабырғасында білім алады. Онда олар көшбасшылық дағдыларын дамытып, басқару қабілеттерін шыңдап, шешім шығару мен оны қабылдау қасиеттерін бойына сіңіреді. Сосын түрлі саясаткерлермен тәжірибе алмасып, өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласуға мүмкіндік алады. Аталған бастама қоғамдағы гендерлік теңгерімді нығайтуға, әйелдердің әлеуметтік-экономикалық және саяси рөлін арттыруға ықпал етпек. Осылайша ұйымдастырушылар жергілікті және өңірлік деңгейде бәсекеге қабілетті әйел кадры қалыптасады деп отыр.
РАХИЯ ТҰРМАХАНБЕТОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ЖОФ ТӨРАҒАСЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ, ӘЙЕЛДЕР ҚАНАТЫНЫҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ:
Әйелдердің кадрлық резервін қалыптастыру, жаңа буынды іздеп табу. Сондықтанда облыстағы әйелдердің ішінде іріктеу жүргізіліп, 100 әйел таңдалып алынды. Мұнымен шектеліп қалмаймыз. Білімін, кәсіби деңгейін арттырамын деген әйелдерге саяси көшбасшылық мектебінде есік ашық.