Қызылорда облысы Арал аудандық сотында бұрын да мүлікке қатысты ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған азаматқа қатысты іс қаралды. Тергеу мәліметінше, ол өзгенің ауласына заңсыз кіріп, қоршаудан асып өтіп, сол адамның бір түйесін айдап әкеткен.
Сот сараптамасына сай, шығын көлемі, яғни, түйенің бағасы 800 мың теңгеге тең болған. Сотта айыпталушы кінәсін мойындап, оның әрекеті жәбірленуші мен куәлардың жауаптары және басқа да дәлелдермен расталды.
Сот оны Қылмыстық кодекстің 188-1-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айырды.