$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Алматыда құрылыс алаңындағы кран қайда кетті?

AstanaTV
10.04.2026ж. 19:00
Алматыда құрылыс алаңындағы кран қайда кетті?

Алматыда құрылыс алаңында көп тонналық кран жоғалып кетті. Құрылтайшы тіпті өзінің меншігі екенін дәлелдей алмай отыр. Жаңадан құжат рәсімделген көрінеді. Оқиғаның мән жайын тілшіміз Әйгерім Есенкелді анықтады.

Құрылыс алаңындағы кран ұшты-күйлі жоқ. Құрылтайшы ұрлап кетті деп ешкімге кінә да арта алмай отыр. Меншік иесі ауысқан кезде тұрғын үй құрылысы тоқтаған. Сол кезден бастап техникаларын шығарған. Бірақ бірден алып кетуге мүмкіндігі болмаған.

ОЛЕГ АМИРБЕКОВ, «КАБЛАН» ЖШС ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ:

Соңғы 2-3 айда түнде келіп, бөлшектеп, алып кеткен. Бұл жер қоршалған болатын, оған тек жаңа меншік иесінің ғана қолжетімділігі болды. Кранды алып кету бір күндік жұмыс емес, оны бірнеше түн бойы бөлшектеп шығарған. Жаңа иелері жалған техникалық паспорт жасатып алған. Ал бізде барлық түпнұсқа құжаттар бар.

Техниканың қазір қайда екені белгісіз. Ал оны заңсыз иемденген тұлғалар әлі анықталмаған. Себебі оқиға бойынша қозғалған екі іс те тоқтатылған. Заңгердің сөзінше, барлық дәлелдер болғанымен, қылмыстық іс сотқа жетпепті.

ДИНАРА ТЕМИРГАЛИЕВА, «QLAB GROUP» ЗАҢ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында бірнеше рет сараптама жүргізу туралы өтініштер берілді. Бірақ іс жүзінде сараптама толық жүргізілмеген. Құжаттар жіберілгенімен белгісіз себептермен кері қайтарылып, іс сол сәтте тоқтатылып отырған. Куәләрді жауапқа тарту бойынша да өтініштер бердік. Бірақ ол да қанағаттандырылған жоқ.

Полиция мәліметінше, істің құрамында құқықбұзушылық белгілері жоқ болғандықтан тоқтатылған.

САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Полиция барлық заң нормаларын есепке ала отырып қылмыстық іс жүргізу кодексынын 179-ші бабынын талаптарына сай бұл іс қылмыстық іс тоқтатылды. Өйткені, оның құрамында қылмыстылықтың, не құқық бұзушылылықтың белгілері табылған жоқ. Азаматтық-құқықтық тұрғыда шешілетін құбылыс. Яғни, жәбірленушілер өз құқықтарын сотқа азаматтық-құқықтық тұрғыда жүгіне отырып ғана қалыпқа келтіре алады. Заңның талаптарынан біз асып түсе алмаймыз. Оларға дұрыс түсіндірме жұмыстары да жүргізілді.

Құқық қорғау органдары құрылтайшы тек мәселесін азаматтық  сотқа жүгіну арқылы ғана шеше алады деп отыр.