Еліміздің бірнеше өңірінде "AMANAT" партиясы бастамасымен ғылым мен инновацияны дамытуға бағытталған ауқымды кездесулер өтті. Жас ғалымдар мен сарапшылар бас қосқан алаңдарда тың идеялар ұсынылып, оларды нақты жобаларға айналдыру жолдары талқыланды. Ғылымды дамыту мен оны бизнеске енгізу мәселелері күн тәртібіне шықты. Тақырыпты тілшіміз жалғастырады.
Қарағандыда "Science Jam" атауымен өткен брейншторминг Ғылым күніне орай ұйымдастырылып, өңірдің белсенді жас ғалымдарын бір алаңға жинады. Іс-шара барысында магистранттар, докторанттар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен сарапшылар экология, тұрақты даму, цифрландыру, Smart City, қалалық инфрақұрылым және жастар саясаты бағыттары бойынша нақты кейстерді командалық форматта талқылады. Жобалық ойлауды дамытуға бағытталған алаңда қатысушылар дизайн-ойлау семинарынан өтіп, менторлардың жетекшілігімен өз бастамаларын әзірледі. Бағдарлама Pitch Session форматындағы жобаларды қорғаумен қорытындыланды.
БОТАКӨЗ АХМЕТОВА, "AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ, ЖАС ҒАЛЫМ:
Партияның инициативасымен мынандай үлкен іс- шара 2- інші рет өтіп отыр біздің облыста. Бүкіл жас ғалымдар қосылып өздерінің пікірлерін талқылап отырған, сала бойынша, мысалы, экономика жағы болсын, құқық жағы болсын, оның бәрін нәтижелерді шығарған кезде әрине, резолюция жасаған кезде бұндай іс- шара өте маңызды.
Ал Қостанайда өткен "Ғалым Talks: ғылымнан бизнеске" атты эксперттік кездесу ғылым мен кәсіпкерлік арасындағы байланысты күшейтуге бағытталды. Іс-шараны "AMANAT" партиясы, Қостанай өңірлік университеті және Smart-орталық ұйымдастырды. 200-ге жуық қатысушыны біріктірген жиында ғылымдағы әйелдердің рөлі, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру және инновациялық жобаларды қолдау мәселелері талқыланды. Сарапшылардың айтуынша, бүгінгі таңда ғылым нақты нарық сұранысына бейімделіп, бизнес қажеттіліктеріне жауап беруге бет бұрған.
ГҮЛСАРА ЖАМАНҚҰЛОВА, "AMANAT" ПАРТИЯСЫ ҚОФ ӘЙЕЛДЕР ҚАНАТЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Бүгін университетте жүзеге асып жатқан бірнеше жобаның таныстырылымын көріп, олардың нақты сұранысқа ие екенін есту өте қуантады. Маған бизнес тарапынан нақты сұраныс болғаны ұнайды. Сол кезде ғылым да сол бағытта жұмыс істейді.
ГҮЛМИРА ДАМБАУЛОВА, ӨҢІРЛІК "SMART-ОРТАЛЫҚТЫҢ" ЖЕТЕКШІСІ:
Біз бизнеске қажетті нақты міндеттерді әзірлеп, бірге жүзеге асырамыз. Егер ауыл шаруашылығы болса, жаңа сұрыптар шығарамыз. Бүгін де қызықты кейс ұсынылады. Біз тек жергілікті кәсіпкерлермен ғана емес, халықаралық деңгейде де жұмыс істейміз. Тіпті қытайлықтармен бірге картоп егіп жатырмыз, ауқымын өздеріңіз бағамдай беріңіздер.
Ғылым күні оралдық ғалымдар да елеусіз қалмады. "AMANAT" партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы ұйымдастырған "Ғылым Talks" кейс-платформасына қатысып, өз тәжірибесімен бөлісті. Аға буын жастарға бағыт-бағдар беріп, ғылымның дамуы мен қоғамдағы рөлі кеңінен талқыланды. Іс-шараға өңірдегі жоғары оқу орындары мен колледждердің қызметкерлері қатысты. Бүгінде өңірде мыңға тарта маман ғылыммен шұғылданады. Олар заманауи құрылғылар жасап, соның ішінде ауыл шаруашылығына арналған топырақ құрамын анықтайтын тетік пен шекараны күзететін дрон секілді жобалар бар.
АЗАМАТ САФИМАЛИЕВ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫ БҚОФ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:
Әр ел ала даму үшін, жоғары деңгейге көтерілуі үшін ең біріншіден көңілді ғылым саласына бөлуі керек. Батыс Қазақстан облысына келетін болсақ, біздің елімізде де жас ғалымдар бар. Үлкен ізденіс жасап, осы біздің елімізге, өңірімізге, экономикамызға пайда әкелу үшін қызмет атқарып жатыр. Ғылымсыз елдің дамуы жоқ. Сондықтан ғалымдарға мың да бір рақмет! Әрқашан да біз қолдаймыз партия тарапынан.
Осылайша, еліміздің түрлі өңірлерінде өткен ғылыми кездесулер жас ғалымдардың идеяларын қолдауға, ғылымды өндіріс пен бизнеске жақындатуға және жаңа инновациялық жобаларды дамытуға бағытталған ортақ алаңға айналды.