$541.34 €640.73 ₽6.53
×

«Жастар рухы» белсенділері есірткіге қатысты жарнамалар мен граффитилерді өшірді

«Жастар рухы» белсенділері есірткіге қатысты жарнамалар мен граффитилерді өшірді

«Есірткіге жол жоқ!». Дәл осындай ұранмен ел аумағында акция өтуде. «AMANAT» партиясы «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері есірткімен күрестің жаңа деңгейіне көшкен. Олар тек түсіндіру жұмыстарымен шектелмей, қала көшелеріндегі заңсыз жарнамаларды өшіріп, жатақхана жастарымен кездесуде.

Сыр еліндегі «Жастар рухы» белсенділері Полиция департаментімен бірлесіп, жатақхана жастарының есігін қақты. Акция оңай олжаға алданып, есірткі тасымалдаушы немесе «курьер» болып жатқан студенттердің санын азайтуды көздейді. Полицейлердің айтуынша, қазіргі таңда жастардың көбі қандай зат тасымалдап жатқанын білместен, қылмыстық топтардың сыбайласына айналуда.

ӘСЕТХАН БАЙМҰРЗА, «ЖАСТАР РУХЫ» ЖҚ ҚОФ ТӨРАҒАСЫ:

Түсіндірме жұмыстарын және пікір алмасу бағыттарын жүзеге асырып жатырмыз. Есірткінің барлық зияны және қандай зардап шегетіні туралы жастарға кеңінен таныстырып жатырмыз. Жастарымыз белсенді. Алдағы уақытта қаламызда орналасқан барлық жатақханаларда осынай «Есірткіге жол жоқ» акциялары жүргізілетін болады.

Ал Атыраулық белсенділер есірткі сайттарын насихаттайтын граффитилер мен жарнамаларды өшіруге білек сыбана кіріскен. Шараға есірткі қылмысы бойынша жазасын өтегенде де қатысты. Жыл басынан бері мұнайлы астанада 40-қа жуық граффити өшіріліп, 400-ден астам интернет-платформа бұғатталған.

БЕКАРЫС ЗАКАРИЯ, "ЖАСТАР РУХЫ" ЖҚ АОФ КОНСУЛЬТАНТЫ:

Жастар, адамдар көруі мүмкін, сол арқылы ізденіп, сайттарға кіруі мүмкін немесе сол жазу арқылы еріп кетуі мүмкін деген сияқты. Біз соның алдын-алу бойынша  барынша, мысалы, бүгін кетірген жерге ертең басқа біеу жазып кетуі мүмкін, сол үшін барынша жедел түрде өшіріп жүруге тырысамыз.

Павлодар облысында да бұл мәселе назардан тыс қалған жоқ. Жоғары түсті металлургия колледжінде өткен кездесуде мамандар есірткіге тәуелділіктің жазылмайтын ауру екенін қатаң ескертті.

ЖАНАҚ ЗАЯТОВ, “ЖАСТАР РУХЫ” ЖҚ ПОФ КОНСУЛЬТАНТЫ:

Мемлекет басшысы айтқандай елдің болашағы бұл жастар. Сол себепті жастарымыз ешқандай тәуелді болмау керек. Олардың денсаулығы мықты болу керек. Сол себепті біз осындай профилактикалық кездесу өткізіп, жастарға осындай жаман есірткі дейтін жаман іске бармаулары туралы айтатын боламыз.

«Есірткіге жол жоқ» республикалық акциясы алдағы уақытта да елдің барлық өңірлерінде жалғасын таппақ.