$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Жылжымайтын мүлікке мекенжай беру ережелері жаңартылды

12.04.2026ж. 17:18
Жылжымайтын мүлікке мекенжай беру ережелері жаңартылды
Фото: inbusiness.kz

Қазақстанда жылжымайтын мүлік объектілеріне мекенжай беру және оны жою бойынша мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына өзгерістер енгізілді.

Тиісті бұйрыққа Өнеркәсіп және құрылыс министрі қол қойды. Құжат қызмет көрсету тәртібін нақтылап, оның атауын «Жылжымайтын мүлік объектісіне мекенжай беру/жою» деп ресми түрде бекітті.

Қызмет бұрынғыдай жергілікті атқарушы органдар — қала және аудан әкімдіктері арқылы көрсетіледі. Оны жеке және заңды тұлғалар пайдалана алады.

Қызмет көрсету мерзімі:

Астана, Алматы және облыстық маңызы бар қалалар үшін – 3 жұмыс күні
Аудандар үшін – 5 жұмыс күні
Өтінім eGov.kz порталы арқылы беріледі. Қызмет тегін және толықтай электронды форматта көрсетіледі.

Қажетті құжаттардың басым бөлігі мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде сұратылады. Егер жылжымайтын мүлікке құқықтар туралы деректер болмаса, өтініш беруші оларды алдын ала тіркеуі тиіс.

Бас тарту тәртібі өзгерді

Енді бас тарту негіздері болған жағдайда, өтініш иесіне алдын ала хабарлама жіберіліп, өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік беріледі. Осыдан кейін ғана соңғы шешім қабылданады.

2026 жылғы 12 шілдеден бастап:
«Мекенжай тіркелім» цифрлық жүйесі енгізіледі
өтінім беру толықтай цифрлық үкімет форматына көшеді
объектіні фотофиксациямен тексеру үшін маманның баруы қарастырылады

Жаңартылған ережелер қызмет көрсету сапасы мен ашықтығын арттыруға бағытталған.