Шығыс Қазақстан облысында 13 сәуірде өрт қаупі жоғары кезең басталды. Елдегі орманның шамамен 40%-ы шоғырланған бұл өңір жоғары қауіп аймағына жатады.
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, орман және дала өртімен күреске дайындық жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
- Абай облысындағы ауқымды өрттерден кейін алдын алу және қызметтердің дайындығы мәселесі өзекті бола түсті. Өткен жылы Шығыс Қазақстанда 27 орман өрті тіркеліп, 200 гектардан астам аумақты шарпыды. Келтірілген шығын 2 млн теңгеден асты. Қазіргі таңда орманды қорғаумен 13 орман шаруашылығы, екі мемлекеттік табиғи қорық және бір ұлттық парк айналысады. Тікелей күзетті 48 орман өрт сөндіру станциясының бөлімшелері мен «Қазавиалесоохрана» мамандары жүзеге асырады, - делінген ақпаратта.
ТЖД құрамында 1329 қызметкер мен 249 техника, оның ішінде 128 өрт сөндіру көлігі (90-ы жоғары өтімді) бар. Бұдан бөлек, орман қорғау күштері 1100-ден астам адамнан тұрады, ал ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда тағы 400-ден астам маман жұмыс істейді.
Өрт ошақтарын ерте анықтау үшін «Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясымен бірлескен ғарыштық термонүктелер мониторингі қолданылады. Сонымен қатар, Риддер қаласы мен Алтай, Ұлан аудандарында тоғыз дрон пайдаланылады.
- Алдын алу шаралары да күшейтілді. Өңірде патрульдеу схемалары бекітіліп, полиция, құтқарушылар және орманшылар мүше болатын мобильді топтар құрылып жатыр. Биыл 62 шақырым минералданған жолақ салу, 540 шақырымын күтіп ұстау және 239 ескерту белгілерін орнату жоспарланған, - делінген хабарламада.