$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Астанадағы 21 қабатты тұрғын үй кешенінде болған өрттен зардап шеккен әйелдің жағдайы ауыр

Астанадағы 21 қабатты тұрғын үй кешенінде болған өрттен зардап шеккен әйелдің жағдайы ауыр

Астанадағы 21 қабатты тұрғын үй кешенінде болған өрттен зардап шеккен әйелдің жағдайы ауыр.  3 баланың өмірін жалмаған бұл алапат өрт  бір отбасының ғана емес, бүкіл жұрттың қабырғасын қайыстырды. Жұрт әлі есін жия алар емес. Тілшіміз қайғылы жағдай болған үйге барып келді. 

БЕКБОЛАТ САТУОВ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Қайғылы оқиға дәл осы үйде болған. Түн ішінде тұтанған өрт кезінде көршілер көмектесуге асығыпты. Бірақ темір есікті ашу мүмкін болмаған.

Қазір бұл жер тып-тыныш. Тек оттың жалынынан қарайып қалған қабырғалар ғана жантүршігерлік жағдайдан белгі береді. Үйдің тұрғындары әлі есін жия алар емес. Өрт шыққанда абдырап, не істерімізді білмей қалдық дейді.  Өртенген пәтерге қабырғалас көршісі оттың иісін сезіп оянғанын айтады. Бірден көршілерді көмекке шақырыпты.

АША ЖАҚСЫҒҰЛОВА, КӨРШІСІ:

Бірінші естігенім ол "Алла, Алла..." қатты шыңғырған емес, амалсыздан қиналған адам, Құдайға жалынадығой. Сондай дыбыстар болды. Мен барынша көршілерді көмекке шақырдым. Ер кісілерді. Қандайда амалмен болсын есікті ашуға. Бірақ лом болмады.

Өрт сөндірушілер жедел жеткен. Алайда аулаға кіреберіс жабық болған, көліктер толып тұрған. Ал бір жүргізуші көлігін үйдің ауласына кіретін пандус үстіне қойып кеткендіктен, арнайы техника бірден кіре алмаған.

АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ:

Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде болған өрт фактісі бойынша, ереже бұзып қойылған көлік құралы оқиға орнынан дереу алынып тасталды. Жүргізуші анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Құтқарушылар жоғарғы қабаттардан 20 адамды эвакуациялады, тағы 40-қа жуық тұрғын ғимараттан өз бетінше шыққан. Тілсіз жаудан әйел адам ғана аман қалды. Оның денесін 50-55 пайыз күйік шалған. Дәрігерлер жағдайын ауыр деп бағалады.

МАРАТ САБИРОВ, ТРАВМАТОЛОГ ДӘРІГЕР:

Бүгінгі жағдайы науқастың ауыр болып саналады. Науқас емінің бәрін алып жатыр.

Әзірге өрттің себебі  белгісіз. Зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған.