$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Шетелден тауар аламын деп сан соғып қалды

AstanaTV
13.04.2026ж. 19:00
Шетелден тауар аламын деп сан соғып қалды

Шетелден тауар аламын деп сан соғып қалды. Астаналық кәсіпкер бірнеше миллион теңгесінен айырылғанын айтады. Тапсырыс берген заты да, ақша да жоқ. Соңғы кезде осындай жағдай жиілеп кетті. Оған не себеп? Тілшіміз зерттеді. 

Қахарман Баймұқанов 5 жылдан бері ерлер киімін сатып келеді. Тауарды шетелден ғана алатын. Алайда өзі жылдар бойы жұмыс істеп келген кәсіпорын жабылып, басқа жермен келісімге келуіне тура келіпті. Ақшасын төлеген, бірақ тапсырысы келмеген.  

ҚАХАРМАН БАЙМҰХАНОВ, КӘСІПКЕР:

Алаяқтарға тап болып, 2-3 миллиондай ақшамыз босқа кетті. Сол не хабарға шықпады, таппай қалдық, соны енді бұл бастап келе жатқан кәсіпкерлердің барлығына сабақ болады.

Ресми статистикаға сүйенсек, елімізге тауардың 33,9 пайызы Қытайдан келеді. Көрші елден негізінен электр генераторлары, телефондар мен жеңіл көліктер алынады.  Екінші орында Ресей тұр - 29,2 пайыз. Үздік үштікті 5,3 пайызбен Германия түйіндейді. Биыл Қазақстанның сыртқы сауда айналымы былтырға қарағанда 15,9% өскен. Сауда көлемінің мұндай қарқыны нарықты байытқанымен, сақ болуды қажет ететін үлкен қауіп бар. Мамандардың айтуынша, тауар айналымы артқан сайын тақырға отыратындар көбейген. 

ӘЙГЕРІМ САҒЫНДЫҚОВА, ЛОГИСТ:

Қытайдан жүк тасымалдау кезінде жиі кездесетін проблемалардың бірі жалпы жүктің жоғалуы-ол погран переходта болуы мүмкін. Сол жерде арнайы ұрлықпен айналысатын адамдар да кездесіп қалуы мүмкін. 

Мұндай дауларды шешу де оңай емес. Өйткені шетелдік компанияларға қатысты мәселелер  елшілік арқылы ғана қаралады.

ҚУАТ АУҒАНБЕК, ЗАҢГЕР:

Жаңағы меморандум бар мемлекеттер арасындағы осындай, сол тұрғыда заң бұзушылықтар болса, сол меморандумда бар мемлекеттер посольство арқылы арызбен жүгініп.

Шекараның арғы бетіндегі алаяқты іздеп табу мүмкін емес. Қанша адам зардап шекті, қандай шығынға ұшырады, ол туралы статистика жоқ. Бірақ, екі күннің бірінде әлеуметтік желіге шығып, сан соғып қалғанын айтатындар кездеседі. Сондықтан шетел нарығына қадам басқанда арзан бағаға алданып, асығыс шешім қабылдамау керек.