$533.61 €621.07 ₽6.78
×

ШҚО және Қарағанды облыстарында гепатит А ушықты дегенге орай.

AstanaTV
27.01.2018ж. 20:00
2823
ШҚО және Қарағанды облыстарында гепатит А ушықты дегенге орай.

«Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Шолпан ауылында гепатит А - жұқпалы ауруы өршіп тұр» дегенге байланысты. Шолпан ауылына бірнеше рет барып, репортаж дайындаған әріптестер облыс шенеуніктері, медицинаға жауап беретін лауазымды тұлғалардың айғай шыққанша бұл ауылға бармағанын айтады. Ал барғаннан кейін баспасөз мәслихатын өткізген олар, комиссияның анықтағанын баяндады. Вирус осы ауылға Семейден барған бойжеткеннен тараған. Ал ауырып, емделген 19 ауруды ресми ақпарға енгізбеу, амбулаториялық карталарды қолмен түзету фактілері бойынша зерттеулер жүргізілмек. Ең бастысы, алдымен «гепатит А» деген диагноз қойылып, кейін жоқ, «гепатит Е» делініп отырған, не десе де, дерті асқынып көз жұмған 11 жастағы оқушы қыздың өліміне қатысты да жан-жақты тексеру жүреді, деп қояды. 

Сәрсенбіде ШҚО әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Марат Шоранов, сонымен бірге Астанадан барған министрлік өкілдері «гепатит жайылған жоқ, былтыр қыркүйек пен осы қаңтар аралығында дәрігерлер ауырған адамдармен контакт жасаған 46 баланы қараған. Аудандық ауруханаға 25 бала жатқызылған. 12-де гепатит А анықталған. Сондай-ақ анықталған 19 ауру туралы факт жасырылған,- деді. Шенеуніктер Үржар ауданы бас дәрігерін бұқаралық ақпарат құралдарына мәліметті дабырайтып таратты деп те айыптады.

Әсем Нүсіпова, ШҚО әкімінің орынбасары:

Бас дәрігер нақты мәліметті білмей тұрып, ақпарат бере салған. Еңбек кодексінде сенімнен айырылу деген бар, тәртіптік комиссия қарап, шешім шығарады деп ойлаймын.

Марат Шоранов, ШҚО денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі:

Сондай-ақ, мәселені анықтауға барған комиссияға Шолпан ауылының тұрғындары ауру балаларын жеткізуге және дәрі-дәрмекке де ақша бергендерін айтты.

Осылай деген шенеуніктер «Үржар аудандық орталық ауруханасының жетекшілері өрескел қателер жіберген. Тиісті шаралар қабылданады», - деп қайырды. -Шолпан ауылында алаңдайтын ештеңе жоқ, мектеп пен барлық үй дезинфекцияланды, судан 62 сынама алынған, нәтижесі ноль, - деп қорытындылады. Арыз-шағымға, уайымға, түрлі даулы нюанстарға кінәлі «гепатит А жұқтырғандар саны 49-ға жетті» деген сол, бас дәрігер Жексенбай Тілеуберлин ғана сияқты әсер қалады...  Ал Қарағанды облысына келсек,жыл басынан бері гепатит А деген күдікпен 36 адам тексерілген. 24 –інен ауру анықталды. Оның 14-і оқушы. Науқастардың көбі Қарағандыдағы 58- інші мектептің 7-сыныбында оқиды. Бірнеше бала Теміртаудағы 5- інші мектеп пен Шахтинск мектебінің оқушылары. Қазір бұл мектептерде бір айға карантин жарияланды. Бірақ оқу тоқтамайды. Ауруханаға түскен балалармен байланыста болған оқушылар топтастырылып, бір кабинетте отырып оқиды. Алайда балалары ауырмаса да, ауру шыққан жерде оқитынына ата – аналар наразы. Олар -күннен күнге науқастардың саны ұлғайып барады,- дейді.  Мамандар болса, эпидемияны жоққа шығарады. Гепатит А,осы ауруға қарсы вакцина алмағандарға ғана жұғатынын айтады. Ал, елімізде екпе 2008 жылдан бері ғана жүргізіледі екен.

Ирина Павленкова, оқушы анасы:

Мен ауру балаларға бір-бірінен жұғып жатыр деп ойлаймын. Мектепте жұқтырғандар күнен күнге көбейіп барады. Алғашында, 6, кейін 9,одан кейін тағы артты. Мамандар ата-аналарға басу айтып жатыр. Бірақ біз алаңдаулымыз. Бұл жағдай эпидемияға ұқсап барады.

Жақия  Жәшібекова, Қарағанды облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті бөлімінің жетекшісі:

Бізде эпидемия деп айту артық. Былтырғымен салыстырғанда науқастар саны артқанмен, осылай болатынын білдік. Ауырған балалар 2004 жылғылар,вакцина алмаған. Бізде гепатит А –ға қарсы екпе 2008 жылдан бастап салына бастады. Осы жылдан кейін туған балалардың барлығы вакцина алған, оларға ауру жұқпайды. Сары ауру, бұл –лас қолдың ауруы.Тұрмыстық заттардан, лас судан, жуылмаған жеміс-жидектерден жұғады. Адамдар жеке бас гигиенасын сақтау керек.

Сары уайымға салған сары ауру бойынша мәліметтер осындай. Рас, жеке бастың гигиенасын сақтау керек. Жуылатын тағамды ысқылап тұрып, жуып жеу керек. Мектептерде, әсіресе бастауыш сыныптардың балалары қолдарын жуа ма, қатаң қадағалау керек. Мектепте қол жуғыш бар ма, ол енді...

Эпидемия болмаса да, қапелімде тарап кететінін екі облыстағы картинадан көріп отырмыз...