$533.61 €621.07 ₽6.78
×

Саршұнақ аяз күндері жылытатын мейірім...

AstanaTV
27.01.2018ж. 20:00
4157
Саршұнақ аяз күндері жылытатын мейірім...

Осы апта еліміздің басым бөлігінде саршұнақ аяз. Негізі мұндай күндер де кімнің кім екенін көрсетеді. Көшедегі көлігі жоқтарды баратын жеріне жеткізіп салатындар, «азамат» дегенді аса бір ілтипатпен айтқызатын адамдар. Олар «Алланың разылығы үшін» деп кете береді. Ал ақыны өсіріп жіберетін «мұз-таксишілер» ... жалпы, біреуге баға беру дұрыс емес. Сондықтан әрі қарай үндемедім. Сақылдаған сары аяз тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықты да «жалаңаштайды». Бұл саланың тұралағанын. Тенгриньюс порталы Қарағандының серік қаласы Сараннан фоторепортаж дайындапты – 100 көпқабатты үйдің тұрғындары тоңып отырғанын баяндайды. Пәтерлерде температура 15 градустан төмен жайттар болған. Қаладағы 273 үйді 20 жекеменшік қазандық жылытады, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің жетекшісі Ольга Шотт үйлердің 40 проценті қажетті мөлшерде жылытылмайтынын жасырмаған. Тарифтерді тұрғындар қалтасы көтермейді, бір қазандықтың иесі жұрттың қарызы 19 млн теңгеге жеткенін айтқан. Ол орталықтандырылған жылу жүйесін іске қоспай, мәселенің «масқара» болатынын шегелеген. «Биыл әйтіп-бүйтіп шығармыз, алдағы жылы ешнәрсе істелмесе, масқара болады», деген... Материалдың соңына пікір қалдырған адамдардың бірі «Қырғызстан алмай қойған 100 млн долларды осындай проблеманы шешуге жұмсау керек»... депті. Саршұнақ аяз күндері Астанадағы тіршілік туралы Дәуренбек Бақдәулеттің сюжеті.  

Гейдар Шимшилов
Астана қаласының тұрғыны:

Мен бір аға мен бір апаны Бараева көшесінен Лесная поляна жаққа апардым. Мың теңгеге келістік. Апарып түсіргеннен кейін, мен бүгін акция болып жатыр деп ем, апамыз жылағысы келіп кетті. Рахмет айтып жатыр бәрі, таңқалып жатыр. Бүгін мысалға 22-23 адам жеткіздім. Анау Камаз центр, Шанхайға 2 адам апардым. Уақытым осы 8 - ден 12:30-ға дейін өтті. Өзім негізі электрикпін мен. Өзімнің фирмам бар. Жұмыстан сұранған жоқпын, өзім бастық болған соң шығып кеттім. Өз қалауым ғой.

Негізі өмірдің мағынасы осындай мейірімділердің арқасында артады. Арқаның сарышұнақ аязы «көк атына» мініп көлбеңдегенде, көшедегі көптеген тұрғынды жүрегі мейірімге толы көліктегілер тоңдырмады. Түкірік мұз болып түсетін үскірікте адам адамгершілік танытпаса, мына хайуандардай қатып қалатын жағдай да болуы мүмкін екені рас.

Күнімкүл Болатбек, «жедел жәрдем» қызметкері:

Мен таңертең жұмысқа бара жатқан кезде, такси тегін апарып тастады. Жалпы аязды күндері 3-4 адам кездесті сондай. Осындай суықта бір-бірімізге көмектесуімізге керек деп. Кәдімгідей қаланы тегін аралап жүргендей болдым, оның үстіне таксимен. Өзімде таңқалып қалдым, керемет адамдар көп.

Аязды күндері такси компаниялардың бірі 11 көлікті жолаушыларды тегін тасымалдауға бекіткен. Әрине басымдық балалы жолаушылар мен қарттарға беріледі. Бұл өзі лоторея сияқты, діттеген жеріңе жеткенде такси жүргізушісі ақша алмаймын деп шығады. Бірнеше жүз теңгеңнің қалтаңда қалғанына емес, ізгілікті ұмытпайтындардың болғанына қуанасың. Одан бөлек, өз еркімен адам тасығандар да бар.

Ернұр Данияров, Астана қаласының тұрғыны:

Кеше кешкісін фейсбуктан көріп, өзім ат салысайын деп, шын ниетпен, Алла разылығы үшін. Екі-үш адамды апарып тастаған, бәрі айтады қазір осындай адамдар аз, ақша бермесең тастап кетеді дейді.

Қалаған ақша алмайтынын  білгесін «жоқ» деп, көкіректеніп кете бергендер де аз болмағаны шын.  Бұл күндері қарпып қалуға тырысқан ресми такси де жетеді. Бұл енді ашкөздік...

Марина, Астана қаласының тұрғыны:

Мен өзім жүре алмаймын, аяқтарым ауырады. Сол күні шұғыл дүкенге баруым керек болды. Үйден телефонмен шақырған таксиім сол қалпы келмей қойды. Амал жоқ, жол жиегінен тоқтаттым. Біреуі келіп әдетте 300 теңгемен баратын жеріме 700 теңгеге апарамын деді. Екі аттам жер ғой десем, барғың келмесе түсіп қал деді. Амал жоқ, сұрағанын бердім.

«Астана мейірмді қала» деген атаумен мешіт қызметкерлері де арнайы науқан жүргізген. Оның аясында ең ауыр қызметте жүретіндерге және аялдамаларда сағаттап автобус күткендерге тегін тамақ, ыстық шәй, тәтті тоқаш таратылды. Кәсіпкерлер кей отбасыларына көмір де түсіріп беріп жатты. Ал, әкімдік қызметкерлері тұрғылықты мекені жоқ жандарды түгендеуге кіріскен. Не бары 2 күнде 200-ден астам үй-күйсізге жатар орын, ішер ас берілді.

Радик, Астана қаласының тұрғыны:

Үйде әйеліммен жанжалдасып қалған едім. Кетіп қалдым да, ішімдікке салындым. Мына аязда аяқтарым үсіп қала жаздады. Кейін мына орталық туралы естіп келдім. Кәдімгі жақындарына қарағандай қарап, құжаттарымды табуға немесе қайта рәсімдеуге көмектесіп жатыр.

Динара Шапина, Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды әлеуметке қосу орталығы директорының орынбасары:

Тәулік бойы жұмыс істейтін жұмыс желісі ашылды. Әлеуметтік патруль бойынша хабарласып, орталыққа жеткізу жұмыстарын жеткізіп жатыр. Стандарт бойынша біз алкогольді ішімдік ішкен адамдарды қабылдамайтынбыз, бірақ, ауа райына байланысты орталықта әлеуметтік қызмет көрсетіп жатырмыз.

Арқада соңғы рет дәл осындай бет қаратпас аяз 2012-ші жылы болыпты. Ол кезде де сынап бағанасы шамамен 42 градусты көрсеткен. Желдің екпінімен 50 градустай сезіледі. Бұл жолы да сол. Тіпті премьер-министр мекемелер мен компаниялардың басшыларына қызметкерлерді мүмкін болса үйлеріне ертерек қайтарып, құрылыс обектілеріндегі жұмыстарды толық тоқтатуды тапсырды.  

Бақытжан Сағынтаев, Қазақстан Республикасының премьер-министрі:

Синоптиктер күшті аяз бірнеше тәулікке созылады дейді. Қазірдің өзінде елдің 6 өңірінде ауа райы минус 30-40 градус арасында.  Осындай аяз елдің оңтүстік өңірлерінде де болады деп күтілуде. Осыған байланысты облыс әкімдері өңірдегі оның ішіндегі шағын қалалардағы жылыту қазандықтарын қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Әсіресе аурухана, мектеп, балабақша сынды обектілерге ерекше көңіл бөліп, сабақ болмайтыны туралы дер кезінде хабар беріңіздер.

Жалпы құрылыс алаңдарында еңбек нормасына сай, температура 25 градустан төмендесе немесе жел екпіні секундына 20 метрден асып жатса жұмыс тоқтатылуы тиіс. Біз аралап көрген құрылыс алаңдары тәртіпке қайшы келмепті.

Еркін Батталов, құрылыс компаниясының жоба жетекшісі:

Әрине, біз уақытты жоғалтып отырмыз. Бірақ құрылыс сапасына кедергі келмей, адам денсаулығына зиян болмауы үшін барлық обектілер сияқты жұмысты тоқтаттық. Еңбектеніп жүрген 130-дай адам уақытша демалысқа кетті.

Бұл күндері полицей, коммуналды қызмет өкілдері, жедел жәрдем, ТЖ мамандарының ісі қауырт. Олар бірқатар қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажет екенін айтады. Мысалға қатты аязда жер үйлерде өрттің көбейетіні бар.

Еркін Отарғалымұлы, Астана қаласының ТЖБ бөлім басшысы:

Ондай статистика бар. Сондықтан барынша қауіпсіздік шарасын сақтаған жөн. Онымен қатар иіс тиіп уланатындардың да саны артып жатады. Көлікті қыздыру кезінде отқа оранатындар қаншама. Сондықтан мүмкін болса от үргіш лампаларды пайдаланбаған абзал.

Қатып қалған автокөліктерді от алдырып беретіндер де бағаны шарықтатып жіберді. Сондықтан реті келсе, көлікке тиіспей, аяздың беті қайтқанын күткен дұрыс дейтіндер бар. Бірақ сақылдаған сары аяз болса да қу тіршілікте күте алмайтын сәттер көп екені де рас. Содан да шығар, бір Астананың өзінде 54 адам үсік шалып, ауруханаға түскен.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Астана Ұлан-Батор мен Рейкьявиктен кейінгі ең суық астаналардың бірі болып саналады. Биыл еліміздің бас қаласының табиғаты мұны тағы бір дәлелдеді. Синоптиктер аяздың келесі аптада - қаңтардың 29-30-на қарай сынатынын айтып отыр.

Ал жалпы, бұл күндері түсірілген фотосуреттер тек тамсандырады.