$526.5 €611.64 ₽6.72
×

Құбырлар тозған – су мөлдір емес. Бірақ қымбат есептегіш орнату міндет...

AstanaTV
27.01.2018ж. 20:00
4163
Құбырлар тозған – су мөлдір емес. Бірақ қымбат есептегіш орнату міндет...

Бейсенбідегі жалпы отырыста Сенат депутаты Ерболат Мұқаев апатты үйлерді жоюды «Нұрлы жер» бағдарламасының бір бағыты етіп, іске асыруды ұсынды. Қолданыстағы заң проблеманы еңсеруге қауқарсыз. «Мысалы, екі қабатты апатты үйде 18 отбасы тұрады делік. Олардың үй алуға кезектері әр түрлі. Бірі тез алса, соңғысы он жылдан кейін алуы мүмкін. Ал апатты үй он жыл тұра ма?», деді депутат. Сондықтан «Нұрлы жер» бағдарламасына кіргізіп, заңға тиісті өзгерістер енгізуді ұсынады.    

Жалпы, еліміздегі су, жылу құбырларының да әбден тозығы жеткен. 60 проценттен асады. Оралда да солай. Тат басқан құбырдың суы қандай болатыны белгілі. Ақшасы бары суды сатып ішсе, ақшасы жоғы суды сүзіп, тұндырып ішеді. 400 шақырымнан асатын қала-ішілік су құбырларының 62 пайызы тозған. Оны ауыстыру үшін қыруар қаржы қажет...Сонымен бірге заманға сай есептегіш құрылғы да орнату керек. Бірақ ол да қымбат. Бәрі де шешілуі керек, бірақ шешу жолдары өте күрделі, шешілетініне кәдімгідей күмәнмен қарайтын мәселе туралы Еркін Кариннің материалы.

Мына суды ішуге болмайды, тек қана гүл суаруға болады. Онда да гүлің өліп қалады.

Солып қалған гүлін уайымдаған Ақмаралдың қалаға көшіп келгеніне екі айдан асты. Бірақ құбырдың суы құдықтың суына жетпейді екен деп тамсанады. Ал ауыз суды сатып алуға онсыз да аз жалақысын жырымдағысы келмейді.

Ақмарал Шаяхметова, Орал қаласының тұрғыны:

30 шақырым жерден машинамен су әкелеміз. 5 литрлік ыдыспен әкеліп жүрміз. Бір жұмада бір-екі рет әкелеміз. 4-қабатқа тасып, солай жүреміз. Мына суды іше алмағасын.

Краннан кофе сияқты қара су ағып жатыр...

Жауапты мекеме өкілдері мұндай жағдай болып тұратынын мойындайды. Өйткені қалаға қажетті судың жартысы Жайық өзенінен, қалғаны жер астынан алынады. Сүзіліп, хлор мен өзге де реагенттер қосылған су мөлдіреп тұрады. Бірақ таттанған құбырға жеткесін, тазалығынан айрылады.

Есенжан Шонаев, «Батыс су арнасы» ЖШС директоры:

Судың түсі қап-қара болды деп осы жұмада бір келіншек звондады. Судан сынама алуға шықтық. Сол кісі «Мен басқа жерге кетіп қалдым, басқа қалаға кетіп қалдым»,- деп өзінің үйінің нөмірін бізге берген жоқ. Біз сол ауданды қарап шықтық. Суы тап-таза. Енді осындай шағымдардың көбі бізде дәлелденбейді.

Әйтсе де қаладағы су желісінің 62 пайызы тозған. Сондықтан тіршілік нәрінің тұрғындарға таза күйінде жетуі екіталай. Ескірген желіні жаңартудың кешенді жобасы жасалғанымен, бәрі қаржыға тіреледі. Әзірге бұл іс көнерген құбырларды тазартып, шаюмен шектелуде.

Айгүл Миржанқызы, Орал қаласының тұрғыны:

Құбырдан келіп тұрған суға көңіліміз толмайды. Ол суды тек кір жууға, үй тазалауға, ыдыс-аяқ жууға пайдаланамыз. Құбырларымызды жиі ауыстырамыз. Бүгін ас бөлмедегі құбырымызды ауыстырып жатырмыз. Алдында екі жұма бұрын жуынатын бөлмедегі құбырды ауыстырдық.

Кран ауыстырудан шаршаған тұрғындар сумен қамту мекемесінің енді жаңа талабына наразы. Өйткені жаңа есептегіштің құны бұрынғысынан төрт есеге қымбат. Бірақ кәсіпорын су есептегіш құрылғының жаңа түрін орнату туралы Экономика министрінің 2015-жылғы бұйрығын алға тосады. Арада үш жыл өтсе де, бұл пәрмен енді орындалып жатыр. Радиомодуль орнатылған есептегіш қанша су жұмсалғанын мекемеге онлайн режимде өзі хабарлайды. Әрі судың ұрланып, ысырап болуына да жол бермейді.

Салауат Айбатов, «Батыс су арнасы» ЖШС директорының орынбасары:

Онлайн режимде есептегіштің айналып жатқанын біз минут сайын көріп отырамыз. Біз минут сайын, сағат сайын қандай көлемде су пайдаланды, соның бәрін көріп отырамыз, өзіміз. Біздің бақылаушыларымыз сол үйге үш айда бір рет барып, пломбаны орнында бар ма екен, су есептегіші жасап тұр ма екен, соны бір рет қана барып қадағалайды.

Александр Корецкий, есептегіш құрылғыларды сататын компания директоры:

Егер үй иесі есептегішті тоқтатып, су ұрлағысы келсе, аппарат мұны су арнасы мекемесіне хабарлайды. Егер тұрғындар су ақысын уақытылы төлесе, суды ұрламаса мұндай құрылғы міндеттелмес еді. Бұл – осындай заңсыздықтарға тосқауыл болуы үшін жасалған шара, әрі заман талабы.

Дегенмен ескі есептегіштер бұрынғыша қолданыла береді. Бірақ істен шықса, қожайын жаңа түрімен алмастыруы тиіс. Бүгінде Оралдағы 100 мың абоненттің әзірге бір пайызы ғана осындай есептегіш орнатқан. Тұрғындардың кейбірі ескі есептеуішінің сынбауын тілеп жүр.

Айгүл Миржанқызы, Орал қаласының тұрғыны:

Қазір үйде екі есептегіш құралы тұр. Егер ол сынар болса, ауыстыруға тура келеді. Сонда маған 26 мың теңге керек. Оны қоюы бар, сонда маған 30 мың теңгеге шығайын деп тұр. Судың сапасы жақсы болмағандықтан, ондай қымбат есептегіштің қажеті жоқ деп ойлаймын.

Жаңа есептегіш бес жыл қолданылады. Бірақ бір жылға берілер кепілдік мерзімі өткесін істен шықса, тағы шығынданасыз. Оралдықтар осыған өкпелі.

Виктор, сатушы:

Халық қымбат болса да, сатып алады. Басқа амалы жоқ. Өйткені ескі есептегішті су арнасы қабылдамайды. Бірақ алғаны құрысын, бүкіл өкпе-ренішін бізге айтып кетеді. Біздің не жазығымыз бар? Ал ескі үлгідегі есептегіштерді қазір ауыл тұрғындары сатып алады. Жаңа талап ол жаққа әлі жетпеген.

Әдетте кез-келген заң мен ереже азаматтардың өмірін жеңілдету үшін, өндірушілер мен тұтынушыларға экономикалық тұрғыда тиімді болу үшін қабылданады. Бірақ есептегіш құрылғының міндеттелуі бұған қайшы дейді заңгерлер.

Павел Кочетков, Адам құқын қорғау бюросының Орал өңірлік бөлімінің директоры:

Әзірге бұдан тек есептегішті құрастырушылар ғана пайда көреді. Шамасы біреу құрылғыны көп етіп сатып алды, енді соны өткізуі керек. Әрі бұйрықта есептегіштің нақты қай түрін орнату керектігі нақтыланбаған. Сондықтан ерінбеген азаматтардың монополияға қарсы мекемеге жүгініп, өзінің дұрыстығын дәлелдеуіне болады.

Ал жұмыс аптасы аяқталғанын асыға күткен Ақмарал қазір ауылға жиналып жатыр. Екі күн демалысы біткесін, қалаға қайтарда өзімен бірге ішер суын ала келеді. Өйткені:

-Ішесің бе мына суды?

-Ішпеймін!

-Неге?

-Я жить хочу...

Еркін Карин, Наурыз Халит «Біздің уақыт».