-Таяу Шығыс үшін Дубай, оңтүстік шығыс Азия үшін Сингапур қандай болса, Орталық Азиядағы сондай дәрежедегі қала Астана болуы керек, -деді "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед, партия ұйымдастырған Астананың 20 жылдығына арналған форумда. Форум инновациялық дамуға арналды. Жаңа инновациялық жобалар қарқынды енгізіліп, қала тұрғындарының тіршілігін қолайлы, ыңғайлы қыла түсуі үшін партия аянып қалмайтынын мәлімдейді және жас өнертапқыштарды қолдайды. Форум туралы Айгүл Әдепбай баяндайды.
«Инновация» деген сөз бүгінде Астанамен біте қайнасып кеткені сонша, смарт сити - ақылды қала жобасының игілігін елордалықтар барынша сезінуде. Шағын қаладан алып мегаполиске айналған Астананың бүгіні мен ертеңіне «Нұр Отандықтар» да атсалысуда.
Мұхтар Құл-Мұхаммед, «НұрОтан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Еліміз тәуелсіздік алған жылдары ұлттық идея туралы көп әңгіме қозғадық. Шынтуайтқа келетін болсақ, біздің ұлттық идеямыз тәуелсіздік жылдарындағы 20 жыл бойы Астана болып келе жатыр. Өйткені Астана Қазақстандағы барлық жаңалықтардың, барлық жаңғырулардың, барлық жаңарулардың және барлық инновацияның басты қаласы болып отыр. Және еліміздің барлық өңірлері дәл осы жылы Астанаға қарап бой түзеу керек деп есептеймін.
Қала басшысы Әсет Исекешевтің мәліметіне сүйенсек, соңғы 20 жылда Астананың жалпы өңірлік өнімі 190 есеге өсіп, 5 трлн. теңгені құрады. Мемлекеттік қазынаға түскен түсімдер 80 есеге артты. Егер 1997 жылы 13 млрд. теңге болса, 2017 жылы 1 трлн. теңгеге жетті. Тұрғын үй құрылысына 1 трлн. 600 млрд. теңге құйылып, 1 265 тұрғын үй салынды. Ал соңғы 5 жылда 9 млн. шаршы метр баспана берілді. 2017 жылы 945 млрд. теңге инвестиция тартылса, оның 70 % жеке инвестициялар.
Әсет Исекешев, Астана қаласының әкімі:
Елбасымыз халыққа арнаған биылғы жолдауында Астанаға үлкен көңіл бөлді. Шаһарымызды әлемдегі ақылды қалалардың біріне айналдыру міндеті тұр. Расында президент айтақандай, смарт сити эталонды стандартын қалыптастырып, еліміздің басқа қалаларына озық практиканы таратуды қолға алуымыз керек. Бұл міндетті Үкімет пен Нұр Отан партиясының қолдауымен толық орындаймыз деп сенемін.
Алдағы 2-3 жылда Астанада тек электр қуатымен жүретін автобустар қалуы мүмкін. Отандық компания қоршаған ортаға зиянсыз атвобустарды шығарып та жатқан көрінеді. Ал қазір аяздарға шыдамдылығы тексерілуде.
Илья Мещеряков, «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалының инновациялық технологиялар бойынша топ жетекшісі:
«Хайр Казах» деген компания бар Алматы облысында, Таразға көшіп жатыр қазір. Өндіріс қуаттылығы жылына 300 автобус. Толық қуаттынашықса, 600 автобус шығара алады. Қазір олардың автобустары аязды күндері Қарағандыда сынақтан өтіп жатыр. Ол Қазақстан мен Қытайдыңбірлескен кәсіпорны. Бір автобустың құны 280 мың доллар, теңгемен, шамамен 100 млн теңге болады.
Астанада геоақпараттық жүйені енгізу бойынша да жоба қолға алынған. Бірінші бөлігі 2018-19 жылдары іске қосылмақ. Қаладағы барлық әлеуметтікнысандарға қатысты мәлімет, қоғамдық көлік қозғалысы, инфрақұрылым яғни, барша ақпарат бір ғана интерактивті картаға жиналады.
Олжас Сартаев,«Astana innovations» АҚ басқармасының төрағасы:
Қала қолданатын ақпараттың 80 пайызы георгафиямен байланысты. Ол қоғамдық көлік қозғаласы, құрылысқа қатысты, мектеп пен ауруханалардың қай жерде орналасқаны туралы, жұқпалы аурулардың таралуына қатысты ақпараттар. Ол мәліметтердің барлығын бір картаға топтастырамыз. Қазір жобаның концепциясы әзірленіп жатыр.
Айта кетерлігі, «ақылды қала» жобасына атсалысып жатқан стартаптарға блокчейн технологиясы мен криптовалюта арқылы инвестиция тарту платформасы да жасалған.
Ерлан Думанұлы, «Crowdsale Network» компаниясының негізін салушы:
Қазір 3 стартапты қолға алып жұмыс жасап жатырмыз. Өзіміз 1 млн-ға жуық биткойн арқылы ақша жинадық, жарты жылдың ішінде. Сол қорды қазір стартаптарды дамытуға жұмсағалы отырмыз.
Тағы бір тың жоба шағын және орта бизнеске арналған сандық платформа. Ол астаналық кәсіпкерлердің тынысын кеңейтпек. Платформа арқылы бизнес өкілдері өздеріне қажетті барлық ақпаратқа қол жеткізе алады.
Дарын Тұяқов, Астана қаласы кәсіпкерлікті қолдау бойынша өңірлік қоғамдық кеңесінің төрағасы:
Бүгінде кәсіпкерлердің 5 пайызы ғана мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардан хабардар. Халықты ақпаратпен көбірек қамту үшін кең жолақты интернетті дамыту керек. Осы жоба елдің цифрландыру бағдарламасына қазық іспетті.
Ғаламдық желіні дамыту үшін «Қазақтелеком» компаниясы шалғайдағы ауылдарға кең жолақты интернет пен телефонды толық жеткізуге тырысып жатыр.
Сайлаухан Райымбеков, «Қазақтелеком» АҚ төрағасының кеңесшісі:
Нағыз үлкен жоба – кең жолақты интернет, ең алыс ауылдарға тарты .Ол өте үлкен, бюджеті үлкен жоба. Жақын маңда «Қазақтелеком» соған кірісіп, жүзеге асыруға қатысады. Жоба іске асқан жағдайда, біздің ең алыста жатқан ауылдарымыздың 95 пайыздан астамы интернет пен телефонияға қосылады деген.
Бүгінде Смарт Астана жобасы аясында «Astana Innovations» смарт қаланың 4 пилоттық жобасын жүзеге асырды. Олар «Smart емхана», «Smart мектеп», «Smart көшені жарықтандыру» және «Smart payments». Ал «Нұр Отандықтар» бас шаһардың барлық жаңашыл идеяларына қолдау білдіруге дайын екендерін айтты.
Айгүл Әдепбай, Нұржан Махмұтов «Біздің уақыт».