Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесінің әйелдер колониясында полиция департаменті мен ҚАЖ қызметкерлеріне арналған нысанды киімдер, сондай-ақ сотталған әйелдерге арналған арнайы киімдер тігетін өндірістік цех жұмысын бастады. Жоба сотталғандарды еңбекпен қамтуды дамыту аясында жүзеге асырылып, олардың қайта әлеуметтенуіне бағытталған.
Қазіргі уақытта мекемеде 200-ден астам әйел жазасын өтеп жатыр, олардың 150-ден астамы тұрақты жұмыспен қамтылған. Бүгінде цехта 70-тен астам сотталған еңбек етуде. Олар белгіленген жалақы алады, сол арқылы сот үкімімен тағайындалған талап-арыздарын өтеп, отбасыларына көмек көрсетеді. Сотталған әйелдер үшін бұл тек жұмыс орны ғана емес, сонымен қатар сұранысқа ие мамандықты меңгеруге, тәжірибелік дағдылар алуға және бостандыққа шыққаннан кейінгі өмірге дайындалуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта жаңа жұмыс орындарын ашу және өндіріс көлемін кеңейту жоспарлануда. Қазіргі таңда цехта маусымдық арнайы киімдердің 30-дан астам түрі шығарылады. Болашақта өндіріс көлемін арттырып, өнімді бүкіл республика бойынша жеткізуді көзделген. Өндірістік учаске заманауи жабдықтармен қамтылған: 70-тен астам тігін машинасы бар, сондай-ақ жоғары жылдамдықты пішу кешендері сияқты арнайы техника бар. Бұл маталарды өңдеу үдерісін айтарлықтай жеделдетіп, өнім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
— Мұнда мен тігін тігуді, кәсіби жабдықтармен жұмыс істеуді үйрендім, жаңа дағдыларды меңгердім. Ең бастысы — отбасыма көмектесіп, жақындарыма ақша жіберіп, талап-арызымды біртіндеп өтей аламын. Бостандыққа шыққаннан кейін осы мамандық бойынша жұмысымды жалғастырып, жаңа өмір бастауға ниеттімін, — деді сотталған әйелдердің бірі.
— Біздің басты міндетіміз — сотталған әйелдердің қайта әлеуметтенуіне ықпал ету және олардың еңбек дағдыларын дамыту. Мұндай бастамалар — жай ғана жұмыс орындары емес, жаңа мамандық алып, еркін өмірге дайындалудың нақты мүмкіндігі. Біз бұл жобаны қолдаймыз және тиімді серіктестікті бірлесіп жүзеге асырып жатқанымызға қуанамыз, — деп атап өтті мекеме бастығы Уалихан Жұмашев.
Қазіргі уақытта мекемеде бес жеке кәсіпорын жұмыс істейді: екі тігін цехы, жартылай фабрикаттар өндіру цехы, жылыжай және көкөністерді консервілеу цехы, сондай-ақ шұжық және кондитерлік өнімдер цехтары.