Соттардың жеке өмірі туралы ел-жұрт беске біледі. Тіпті кімнің құдасы екенін жасыру мүмкін емес. Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов осылай дейді. Бүгін Жоғарғы сот былтырғы жылды қорытындылап кеңейтілген жиын өткізді. Жаңа төраға әдеттегідей баяндамасымен ерекшеленді. Жақып Асанов сот жүйесіне түбегейлі реформа жасауды көздемейді. Басты міндет - адамдардың сенімін қайтару деді. Мөлдір Бақытқызы тарқатады.
Жақып Асановтың баяндамасы ұйқы шақырмайды. Қызықты салыстыру, қызыл тіл. Әйтеуір, тыңдаушыны бей-жай қалдырмайтыны рас. Барлық соттар осылай сөйлеп, түсінісуі керек дейді. Екінің бірі ұға бермейтін сот шешімдерін қарапайым тілде жазуды үйренуге шақырады. Бүгінде соттардың жүгі ауыр, қағаздан бас көтермейді. Әсіресе, азаматтық істер көбейген. Соңғы бес жылда олардың саны 30 пайызға артып, 900 мыңнан асқан. Бұл бюджетке де салмақ. Сол себепті ара-тұра медиаторға жүгінген жөн дейді.
Жақып Асанов, ҚР Жоғарғы сот төрағасы:
Кәсіпкерден, жағдайын қалай десең, біреумен соттасып жатырмын, дегенді жиі естисің, сонда қалай, табиғатынан сабырлы, жанжалды жақтырмайтын халқымыз дауға құмар болып кеткені ме? Басымыз піспей қалса, дереу сотқа жүгіреміз. Қит етсек, сол. Сотқа арыз бермей жатып, таныс іздейміз. Сотта ағам бар, көкем бар деп қорқытамыз. Сондағы мақсат - әділдік емес, оппоненттен өш алу, абыройын айрандай төгу.
Асанов сот жүйесіне реформа жасауды көздемейтінін айтты. Брақ қазір 7 топ құрылып, 7 бағытта проблеманы шешуге кіріскен. Сот жүйесінің 7 тағаны: әділдік, жауапты және тәуелсіз сот, сот төрелігінің тиімділігі, әкімшілік әділет, тергеу соты, соттардың біліктілігі және цифрландыру. Соңғысына қатысты, қағазбен жұмыс істеуден бірінші болып өзі бас тартпақшы.
Жақып Асанов, ҚР Жоғарғы сот төрағасы:
Менің өтінішіммен Жалпы бөлім маған бірқатар міндеттер қойды. Олар мені қолға алды, біраз уақыттан соң маған қағаз құжаттарды тапсырмайды. Мен қанша талап етсем де, әкелмейтін болады. Басқа амалым жоқ. Мен қазір сол "Жалпы бөліменен" қорқамын.
Соңғы 3,5 жылда Астанға жан-жақтан 39 сот аусып келген. Бірақ, уақыт өте 54 пайызы сынақтан сүрініп, жұмысқа жарамсыз болып қалды. Соттардың біліктілігін артыру, таныс-тамырлықты жою үшін үміткерді таңдау жолы өзгереді. Сынақ тапсыруға келгенде еш жерде аты-жөні көрсетілмейді, тек штрих-код беріледі. Бұдан бөлек, жер-жерде, үріп-ішіп, шайқап отырған соттар да назардан тыс қалмайтынын меңзеді. Облыстарда соттардың тұрмыс-салтын ел-жұрт беске біледі, дейді.
Жақып Асанов, ҚР Жоғарғы сот төрағасы:
Все про всех знают: кто с кем общается, чьи интересы защищают, с кем дружат, с кем құда, как живёт, на чём ездит, где отдыхает, - всё знают. Я не стал сегодня на всём этом заострять внимание. Но это не значит, что мы не видим слона, наоборот, работу здесь будем усиливать.
Бүгінгі кеңейтілген жиын "Фейсбук", "Ютуб" және "Закон" порталында тікелей көрсетілді. Оны мың жарым адам көріп отырғанын Төрағаның өзі хабарлады. Сейсенбі - Үкімет, сәрсенбі - Парламент ел назарында. «Биліктің тармағы ретінде Жоғарғы сот та жұмысын жиі көрсетуі керек», - деді Асанов. Елде 2600-ден аса судья бар. Оларды тікелей президент тағайындайды.