Жетісу облысының прокуратурасы «Халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы «Қорғас» басқарушы компаниясының қызметінде өрескел заң бұзушылықтарды анықтады.
Анықталғандай, екі жыл бойы жалпы сомасы 70 млрд теңгеден асатын жобаларды жүзеге асырып жатқан 19 инвесторға су жеткізу тарифтерін есептеу кезінде қосылған құн салығы заңсыз түрде есептелген.
Алайда Салық кодексіне сәйкес, АЭА аумағындағы қызмет ҚҚС-тан босатылады. Соған қарамастан, заң талаптары жүйелі түрде ескерілмеген.
Нәтижесінде инвесторлар негізсіз қаржылық шығындарға ұшырап, бизнес үшін жасанды кедергілер қалыптасқан.
Прокурорлық қадағалау актісі негізінде барлық заң бұзушылықтар толық жойылды. Инвесторларға заңсыз өндірілген 1 млн теңге көлеміндегі қаражат қайтарылып, кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылды.
Жетісу облысының прокуратурасы инвесторларға қысым көрсету мен олардың құқықтарын бұзудың кез келген әрекетінің жолы кесілетінін атап өтті.