$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Ертең Алматыда ауа райы бұзылады

16.04.2026ж. 17:40
Ертең Алматыда ауа райы бұзылады
Фото: pixabay

Алматының төтенше жағдайлар департаменті ертең, 17 сәуірде қалада ауа райының күрт нашарлайтынын хабарлады.

Синоптиктердің мәліметінше, мегаполисте кей уақыттарда нөсер жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, күндіз бұршақ түсуі мүмкін. Солтүстік-батыс желінің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді.

– Іле Алатауының таулы аймақтарында, соның ішінде Медеу және Бостандық аудандарында жауын-шашын (жаңбыр мен қар) мол түсіп, найзағай ойнайды. Күндіз бұршақ жауып, жел күшейеді. Желдің бағыты оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысып, екпіні 17-22 м/с, ал түнде кей жерлерде 23-28 м/с-ке дейін жетуі мүмкін, - делінген хабарламада.

Мамандар қолайсыз ауа райына байланысты тауға баруды кейінге қалдыруды ескертті. Қала тұрғындары көліктерін ағаштардың астына қалдырмағаны жөн. Сонымен қатар екпіні күшті жел кезінде мүмкіндігінше ғимараттан шықпай, терезе мен есіктерді мықтап жабу қажет.

Сондай-ақ ведомство өкілдері ауладан, балкондар мен лоджиялардан ұшып кетуі мүмкін заттарды алып тастауды, көшеде жүргенде қауіпсіз орындарға паналауды ескертті. Мамандар билбордтар мен ағаштардың, электр желілерінің астында, аяқталмаған құрылыстар маңында тұрмауға кеңес берді.