Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында бопсалаудың 14 дерегі тіркелген.
Осы жолы облыс орталығында тағы бір қылмыстың жолы кесілді. 26 жастағы азамат танысынан "заң аясында туындаған мәселелерді шешіп беремін" деген сылтаумен 200 мың теңге көлемінде ақша талап еткен.
Жәбірленуші көрсетілген соманы уақытылы бере алмағандықтан, күдікті талап етілетін қаржыны 400 мың теңгеге дейін ұлғайтып, қоқан-лоққы жасау арқылы қысым көрсетуді жалғастырған.
Жәбірленуші полицияға жүгінгеннен кейін аталған дерек бойынша тиісті іс-шаралар ұйымдастырылып, ақшаның бір бөлігін беру кезінде бақылау жүргізілді. Нәтижесінде күдікті ақшаны алу сәтінде ШҚО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлерімен ұсталды.
Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің автокөлігі мен тұрғылықты жерінде тінту жүргізіліп, ақшалай қаражат пен суық қару санатына жататын кастет тәркіленді. Күдіктіге қатысты "үйқамақ" түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.